Шымкент қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті

Аймақ
18.03.2016, 16:41

Бесінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезекті елу сегізінші сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

Күн тәртібінде барлығы 10 мәселе қаралды. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есебі туралы баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов қала аумағындағы 1971 көпқабатты тұрғын үйдің жарымына жуығы, яғни 947-сі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрғанын жеткізді.

- Аталмыш көпқабатты үйлердің алғашқылары 1934 жылдан бастап салынған. Бүгінде тозығы жеткен ғимараттарды қайта қалпына келтіру үшін мемлекеттік «Өңiрлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде 104 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы 23 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деді баяндамашы.

Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес, қалалық қоғамдық көліктерде жолақы тарифін келісу туралы баяндама жасаған Бейсенбек Керімбекұлы мамыр айының 1-жұлдызынан бастап жолақы құны 70 теңгеге ұлғаятынын айтты. Дегенмен, ҰОС және тыл ардагерлері, алтын, күміс алқа иелері, І-топтағы зағип жандар мен оларды жетелеп жүрген бір азамат қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігіне ие. Ал студенттер үшін бұрынғы баға, яғни 50 теңге қалпында қалады. Оқушылар бастапқы бағаның жартысын, яғни, 35 теңге төлемек.

Күн тәртібінде қаралған мәселелерге мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау танытты. Жиынды қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қорытындылады.

- Бесінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихаты шын мәнінде, көтерген мәселелердің ауқымдылығымен және көптігімен ерекшеленді деуге болады. Осы жиындардың барлығында халық қалаулылары ретінде сіздердің ұсынған ұсыныстарыңыз бен қабылдаған шешімдеріңіз қала өмірінде маңызды рөл атқарды, - деп атап өтті Ғ. Рахматоллаұлы.

Сұхбат

PhotoRoom