Алматы облысында «Нұр Отан» партиясының Кербұлақ аудандық филиалына қарасты «Сарыбастау» БПҰ-ның ұйымдастыруымен «бақытты балалық» партиялық жобасы аясында Сарыбастау орта мектебінің спорт залында «Спорт – денсаулық кепілі» атты тақырыпта үлкен сынып оқушылары арасында эстафеталық ойындардан жарыс өтті.
Бұл шараның мақсаты Елбасымыздың Жолдауын басшылыққа ала отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру, оқушылардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру.
Жарысты ұйымдастырушы, ауылдық кітапхана қызметкері Сұлтанбекова Данышбан Сманқызы: «Қазіргі жастарды тек кітап көрмесін ұйымдастырып немесе кітап оқыта алмайсың. Осы себепті жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Айша Карипова және дене шынықтыру пәндерінің мұғалімі Жаманбаев Мұхит Жаманбайұлымен бірлесіп, ауыл балаларының демалыс уақытын көңілді өткізу үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, әртүрлі шараларды жасап жатырмыз. Бүгінгі шарамыз түрлі эстафеталық ойындарға арналмақ. Қатысушылар көптеп келуде», -дейді.
Жарысқа қатысушылар өзін-өзі таныстыру (топтың аты, ұраны), баскетбол добын бір қолмен алып жүру, қапты аяққа киіп кедергілер арасынан секіру, допты торға салу, асық ату (мергендік таныту), арқан тарту сынды ойын түрлерінен өз бақтарын сынады.
«Ойын өте тартысты өтіп жатыр. Балалар жақсы көңіл-күйде. Кішкентай ауыл болса да жарысты үлкен деңгейде өткізуде. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осындай ойын түрлері жиі өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді»- дейді, әділқазы алқасы Қуаныш Қабаев.
Шара соңында 138 ұпаймен «Тұлпар» командасы жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.