Бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қ.Нұртай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
Ұлт жоспарындағы өзі жетекшілік ететін салалар бойынша баяндаған Қайрат Ырзақұлұлы бірқатар жүйеленген жұмыстардың барысымен бөлісті.
Мәселен, реформаның 30-қадамы аясында жергілікті полиция қызметі құрылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін велополиция мен жол қауіпсіздігіне жауапты әуе бақылауы жұмысын бастаған. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің жұмысын жүйелеу үшін 8 701 0130102 «уатс ап» сервисі іске қосылып, ортақ қауіпсіздікті сақтауға қала тұрғындары да атсалысуда. Мәселен, соңғы үш күнде аталған қызмет түрі арқылы 42 өтініш келіп түскен.
«Ұлт жоспарындағы 76 қадам – білім саласы бойынша өткен жылдан бастап Шымкенттегі білім саласына жаңа жүйелер енгізіліп, білім ошақтарына электронды басқару ақпараттық-бағдарламалық кешені енгізілуде. Сонымен бірге, қала мектептерінің директорларын тағайындау ашық жүргізіліп, 5 мектептің басшысы осы конкурс негізінде тағайындалды. Мұнан бөлек, білім беру мекемелерінде «қамқоршылық кеңесі» құрылып, түрлі көмектер бойынша жұмысын бастаса, қаладағы 37 мектеп танымал оқыту әдістемесі - «Сындарлы оқыту теориясының» оқу сапасына әсерімен танысу үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерімен тәжірибе алмасу және педагогикалық қауымдастық құру мақсатында меморандум түзді», - деді қала әкімінің орынбасары.
Баспасөз жиынында Қ.Нұртай «100 нақты қадамның» 99-қадамы қоғамдық кеңестер құру бойынша да жұмыстардың жүргізілгенін баяндап, таяуда оның мүшелеріне қала басшысының атқарылған жұмыстар бойынша есеп бергенін жеткізді. Елбасының Ұлт жоспарына қойған басты мәселесі – үш тұғырлы тілге көшу аясында да айтып берген Қ.Ырзақұлұлы Шымкенттегі ересек тұрғындардың 87,3 пайызы мемлекеттік тілді, 79,8 пайызы қазақ және орыс тілдерін, 15 пайызы қазақ, орыс тілдерімен қатар, ағылшын тілін меңгергенін хабарлады. Сондай-ақ, спорттағы жасалып жатқан жұмыстарды да жеткізген әкім орынбасары барлық істердің Мемлекет басшысының саясатының аясында жүріп жатқанын айтты.