Жыл басынан бері шымкенттік жұмыссыздардың қатары 6500-ге кеміді. Олардың 1300-і жастар. Бұл жөнінде Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеді,-деп хабарлайды otyrar.kz. Қоғамды жауыр еткен мәселенің шешілу жолы және жастар үшін жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламаның мол мүмкіндіктері бар.
Бүгінде халықты жұмыспен қамтуды үйлестіруші мекемеге жүгінген арнаулы және жоғарғы оқу орнын тәмамдаған 1300 түлек өз мамандығы бойынша жұмысқа жолданыпты. Әлі жоспар бойынша, 700 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасына қатыса алады. 6 ай бойы қызмет істеп, тәлім алған олардың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде жергілікті 252 кәсіпорын 2600 еңбеккер іздеп, өтініш білдірген.
«Жастар практикасына» құжат қабылдау науқаны әлі де жалғасып жатыр. Қалалық «Халықты жұмыспен қамту» орталығы мамандарының мәліметінше, оқу орнын аяқтағанына 3 жыл толмаған кез келген жас талапкер, мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көре алады. Айта өтетін ақпар, өткен жылы осы бағдарлама аясында жергілікті мекемелерге жолданған 653 маманның, бүгінде 522-сі тұрақты жұмыс тауыпты. Ал еңбек ету үшін орталыққа кезекте тұрғандардың қатары әзірге 2000 адамға жуық.