САЯСИ ПОРТРЕТ: ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ

Тұлға
09.07.2014, 14:37

 

Адамның өмірінде алған білімі мен тәжірибесін аямай пайдаланатын бір кезеңдер болады. Қазір аға ұрпақтың қатарына еніп жүрген ел ағаларының маңдайына тәуелсіз ел атанған мемлекеттің ауыр жүгін арқалап жүру жазылыпты. Ол - үлкен бақыт, зіл батпан жауапкершілік. 1991 жылы тәуелсіздік алған тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңаша жол қалыптастыруға тырысты. Оны жүзеге асыру үшін кадр тапшылығы да сезілді. Дербес мемлекет болғанымен коммунистік жүйені сақтап қалуға тырысушы күштерді әлсіз болды деп айта алмас едік. Осындай кезеңде Президент жас кадрларды жауапты қызметтерге тартты. Сенімді серігіне айналғандары да, кейіннен қарсы шыққандар да аз болмады. 23 жыл бойы Мемлекет басшысының қасында болғандардың бел ортасында Қырымбек Көшербаев жүр.

Шыққан тегі

Қазірде Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарып жүрген Қырымбек Елеуұлы сол өңірдің тумасы. Облыстың қай өңіріне болмасын тікелей қатысы бар. Көшербай әулеті Қызылорда өңіріне еңбекшілер династиясы ретінде бұрыннан танымал. Атасы Көшербай Дәрібаев - еңбекардагері, Социалистік Еңбек Ері (1949 жылы). Еңбек жолын Орынбор – Ташкент теміржолқұрылысында бастаған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Колхоздастыру кезінде егіс бригадирі, бірнеше ферманың меңгерушісі болған. Әкесі Елеу Көшербайұлы 1960 – 75 жылдары СОКП жанындағы жоғары партия мектебін бітірген соң, Қазалы, Сырдария аудандықпартия комитеттерінің 2-хатшысы, Тереңөзек, Сырдария ауданының атқару комитеттерінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 1975 – 91 жылдары Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінің 1-хатшысы қызметін атқарған. Ленин, Октябрь революциясы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендері, бірнеше медальдармен марапатталған. Қармақшы, Қазалы аудандарының өмірінен сыр шертетін «Өндіріс ұйытқысы» және «Серпін» кітаптарын жазған. Қырымбек Көшербаевтың өзі Қазалы ауданында дүниеге келген, Сырдария ауданында өскен. Тереңөзек кентіндегі №35 Калинин атындағы қазақ орта мектебін бітірген (қазір И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей). Барлық ауданға қатысты дегенде айтқымыз келгені осы еді. 1955 жылдың мамыр айында ол дүниеге келгенде әкесі қазір бүкіл әлеме танымал болған Қырымда іс-сапармен жүрген екен. Қазіргі әкімнің есімі де осыған орайластырып қойылған. Үйде қандай атадан, қандай әкеден тәлім алғаны белгілі. Спортпен айналысып, бокстан біраз жарыстан жүлделі де болған. Бұл оның бозбала, жастық шағы.

Саясатқа қалай келді?

1991 жылы дәл қазіргідей жүйе жоқ. Саясат та, экономикада қалыптаспаған. Елді аяғынан тұрғызған алдыңғы толқын базбір мемлекеттердегідей бас-басына партия құрып билік үшін қиқымдалған жоқ. Керісінше, бір тұлғаның маңайына топтаса білді. Қырымбек Елеуұлы да 36 жасында қазіргі саяси жүйенің іргетасын бірігіп қалауға кірісті. 1991 жылы ол ҚР Премьер- министрі орынбасарының көмекшісі болып жұмыс істеді. Үш жылдан кейін Алматы қаласының сол кездегі Калинин ауданына әкім болып тағайындалды. 1995 жылы Министрлер Кабинеті Аппараты жетекшісінің орынбасары ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Үкіметі Аппараты жетекшісінің орынбасары аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі болған. 1996-1997 жылдары Президенттің Баспасөз қызметін басқарды. Осы мектептен өткеннен кейін ғана ол нақты бір саланы дербес басқаруға көшті. 1997-1999 жылдары- Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі. Сосын Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрі, 1999-2000 жылдары - Білім және ғылым министрі болды

Саяси басқару кезеңі

Саяси басқару қызметі жаңа ғасырмен бірге басталды. 2000 жылы Батыс Қазақстан облысына әкім болып барған Қ. Көшербаевтың қалай жұмыс істегенін батыс жұрты, тіпті кез келгені тәтті естеліктермен айтып береді. Инвесторлар тарту, инфрақұрылымдарды дамыту, әлеуметтік жағдайды көтеру сияқты күрделі жұмыстармен бетпе бет келді. Оның ішінде идеологияны да ұмыт қалдыруға болмайтын еді. Облыс орталығынан бастап, алыс-жақын елді мекендердің жолын жаңарту, Қабиболла Жақыпов бастап кеткен тұрғындарды газбен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтау сияқты күрделі жұмыстардан бастады. Үш жылда әрбір ауылға дейін газ тартылды. Білім министрі болып тұрған кезінде еліміздің мектептеріне компьютерлендіру науқаны жүргізілгені есіңізде шығар. Осы кезеңде үкімет басшысы Н. Балғымбаевпен тіресіп жүріп білімге қаржыны көбейтуге қол жеткізгенін Үкіметте әріптес болғандар әлі де айтып жүреді. Сол табандылығы, жауапкершілігі әкім болғанда да тек халыққа пайдасын тигізді. Бір мүшел өткеннен кейінгі БҚО бұрынғыдай емес. Ең маңызды стратегиялық қадам логистикадан, инфрақұрылымнан басталатынын естен шығармаған жөн. Батыстағы жол қатынастары содан кейін қараусыз қалғандай... Қазірдің өзінде ұлттық идеология аса қажет Орал өңірінде Қырымбек Көшербаевтың тұсында мәслихаттағы кейбір депутаттар әкімге бой бергісі келмеген. Әкімнің ұсыныстарын елеусіз қалдырғысы келе бергенде Қырымбек Елеуұлының мына бір қадамы адамды сүйсіндіреді.

Әкім облыстық мәслихатқа ұсыныс әзірлеп әкеледі. Сепаратистік пиғылдағы жергілікті «лидерлер» бастаған топ кері қайтарып жібереді. Екінші рет Облыс әкімі өзгеріссіз қайта әкеледі. Ашуланған депутаттар түтігіп тағы қайтарады. Прицнипке барған Қ. Көшербаев ұсынысын қалам тигізбей тағы бір ортаға салғанда мәслихаттағы белгілі бір топтың ықпалымен тағы да қабылданбай қалады. Ал мұндай жағдайда әкімнің мәслихатты таратып жіберуге құқығы да бар, құзіреті де жетеді. Осылайша, елге іріткі салушылардан құтылған деседі... Бұл - саяси тәжірибелі адамның іс-қимылы.

2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі қызметін атқарды. Әлемдік саясатқа ықпал етіп отырған Владимир Путиннің енді ғана қызметке кіріскен кезеңі. Билікке қандай адамның келгенін сол кездің өзінде сезген болса керек, жаны қазақ Қырымбек жіберілді. Екі ел арасындағы шекаралық мәселер осы кезеңде түпкілікті шешілді.

2006 жылы Маңғыстау облысына әкім болып тағайындалып, ол жерде 6 жылға жуық отырды. Қырымбек Көшербаевтың саяси карьерасындағы «Ахиллестің өкшесі» - Жаңаөзен оқиғасы. Кекетіп, мұқатқысы келетіндер тікелей сол кездегі оқиғаны көлденең тартып, әкімге кінә артуға құмбыл. Ресми сот шешімі де шықты. Дегенмен, мәселенің ақ-қарасы әлі де анық емес. Мұнайшылардың ереуілі түптеп келгенде өнеркәсіп басшылығына қойған талаптардан басталды. Мұнайды өнеркәсіптің Астанадағы басшыларына жергілікті жердегі биліктің айтқаны жүрмейтіні айтпаса да түсінікті. Ереуілшілердің шеруі заңсыз деп, қуып таратуға әкімшілік тарапынан күш салған жоқ. Қайта, үш жақты келіссөздер жүргізуге талпынды. Болып жатқан жағдайларды баяндау үшін Ақордаға бірнеше рет барыпты деген сөздер бар. Сол кездері ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп тұрған Аслан Мусиннің алдынан қайтқан деседі. Кейіннен Жаңаөзенге қатысты дүниелерде Аслан Мусиннің «саяси мүридтері» - Рысқалиевтердің есімі аталып жатты...

2013 жылдың басында Қызылорда облысына әкім болып тағайындалды. Сол күні «Бұған дейін жинаған тәжірибемнен білетінім - шешілмейтін мәселе болмайды. Ең бастысы ниет керек. Білек сыбана еңбек керек. Бұл орайда өзімді де, өзгені де аямаймын… » деген болатын. Бір жарым жыл ішінде Қызылорда қайта түлеп сала берді. Халықаралық әуежай құрылысы басталды. Бірнеше мемлекетпен байланыс орнатылатын болады. Елбасы идеясы Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы да облыстың бойына қан жүгірте бастаған. Логистика, коммуникация, бизнес және туризм ыңғайланып келеді. Татарстан, Түркиямен тікелей қарым-қатынас орнатылды. Халық Қызылорданың жағдайын «Қырымбек келгенге дейін және келгеннен кейін» деп екіге бөліп қарастырып жүр. Облыс әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада соңғы орыннан лидерге айналған. Сырдарияның арғы бетіне көпір салынып, тіршілік жанданбақ. Қырымбек Көшербаев облыс әкімдерінің рейтингісінде бірінші орында тұрғаны (http://saigez.kz/?p=1058) осындай жұмыстардың нәтижесі шығар. Биыл әкімдерден алғаш болып Астана күніне тарту ретінде облысының күндерін өткізгенін де айта кету керек.

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

 

Сұхбат

PhotoRoom