Жамбыл облысында саумалмен емдейтін шипажай ашылды

Аймақ
02.08.2016, 15:43

Жамбыл облысында Қара бұлақ шатқалының маңынан саумалмен емдейтін шипайжай бой көтеруде. Аталған шипажайды Қазақстандағы ірі шаруашылықтардың бірі болып табылатын «Шаушен» мал шаруашылығымен айналысатын қожалық  салуда. Мұнда еділбай тұқымындағы мыңдаған қой және асыл тұқымды жылқылар бар. Жуырда, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қожалыққа 7 шақырым электр желісі тартылған.

Бүгінде «Шаушен» шаруа қожалығы Қара бұлақ шатқалының маңынан орын тепкен шипажай кешенінің құрылысын аяқтап жатыр. Бұл шипажайдағы емделушілердің барлық дертіне қазақтың ұлттық сусыны – қымыз ем болады. Демалушыларға жылына 10 тоннаға дейін қымыз өндірілетін болады. Қазіргі таңда емдік өнімді әзірлеу үшін жүзден аса бие сауылуда.

Аталған шипажай аймағы 200 адамға лайықталған. Жобаның жалпы құны 2 млрд.теңгені құраған. Іскер бұл аймаққа сәкі орнатып, киіз үй қалашығын, теннис алаңын, балаларға арналған алаңқай және футбол алаңын жасап, жабдықтауды жоспарлап отыр. Бұдан өзге шаруашылық өздерінің жеке жылыжайын да салмақшы.

Барлық құрылыс жұмыстарын 2016 жылдың күз айларында аяқтау жоспарланған.

Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылында орналасқан қымызбен емдеу орталығы қазірден бастап келушілерді қабылдауда. «Шаушен» шаруа қожалығы басшысының орынбасары Халилила Дөненбаевтың айтуынша табиғаты тамаша бұл мекенге келген кез-келген адамның өзін жақсы сезінуіне таза ауа мен қайталанбас табиғаты кепіл бола алады. Қонақ үй тектес  бұл жайларда бүкіл отбасыға арнап демалыс ұйымдастыруға болады. Табиғаттың адам организміне жағымды әсер етуі үшін мұнда бар жағдай жасалған. Қымызбен емдеудің бір курсы он күнді құрайды.

Санаторий аймағында сауықтыру процедураларын жүргізуге арналған  арнайы екі бассейн қарастырылған. Ол бассейндерде суды ұзақ уақыт ауыстырмай пайдалануға мүмкіндік беретін микроорганизмдер бар және ол суға шомылған демалушыларға ешқандай зияны жоқ.

Ендігі негізгі мақсат – туристердің бағытын жақсарта түсу және демалушылардың назарын аудару.

Айта кетейік, жамбылдық қымыз бен ет өнімдері тек Оңтүстік Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, елордалық нарықта да жоғары сұранысқа ие. Х. Дөненбаевтың айтуынша, тауар өзге қалаларға тапсырыс бойынша шығарылады.

Сұхбат

PhotoRoom