Жамбылдық 4 оқушы дүниежүзілік пән олимпиадаларында жүлделі орындарға қол жеткізді

Аймақ
04.08.2016, 00:46

Жамбылдық 4 оқушы дүниежүзілік пән олимпиадаларында жүлделі орындарға қол жеткізді,-деп хабарлайды "ZhambylNews" ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 30 маусым - 8 шілде күндері аралығында Қытай республикасының Гонконг қаласында өткен 57-ші Дүниежүзілік математика олимпиадасында облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы Әбесбек Данияр қатысып, қола медальды иеленді. Олимпиадаға барлығы 109 мемлекеттен 654 оқушы қатысқан болатын. Қазақстан командасы атынан сайысқа түскен 6 оқушы 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды иеленсе, оның 1-і Жамбыл облысының еншісінде.

Сондай-ақ, 2016 жылдың 11-17 шілде аралығында Швейцария мемлекетінің  Цюрих қаласында өткен 47-ші Дүниежүзілік физика олимпиадасында облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы Абрашұлы Айвар күміс медальді жеңіп алды.

2016 жылдың 17-24 шілде күндері аралығында Вьетнам мемлекетінің Ханой қаласында өткен 27-ші Дүниежүзілік биология олимпиадасына 72 мемлекеттен 288 оқушы қатысып, аталған олимпиадада Қазақстан құрама командасының 4 оқушысы қатысып, 4-і де жеңімпаз атанды. Оның 2-і Жамбыл облысының дарынды оқушылары Отарбаев Данияр мен Назарбеков Әлішер қола медальдарды иеленді.

Сұхбат

PhotoRoom