Ирандық инвесторлар Жамбыл облысына инвестиция салуға ниетті

Аймақ
09.08.2016, 00:31

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Кокрекбаев облыс әкімдігі мен "TR-KZ" холдинг компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумына сәйкес Иран Ислам Республикасының инвесторларымен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Делегацияны Иран Ислам Республикасы Жұмыс Партиясының Төрағасы Қамали Хоссейн Хасан мырза бастап келді. Делегация құрамында ауыл шаруашылығының әр түрлі салалары бойынша мамандар бар.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, ҰК"АҚ "Тараз " ӘКК" басқарма төрағасының орынбасары қатысты.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы жобаларын инвестициялау, сондай-ақ ынтымақтастықтың басқа да мәселелері және даму саласы талқыланды.

Кездесу барысында Жамбыл облысы мен Иран арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

-Қазақ елі әлемге қонақжайлылығымен аты шыққан. Алдымен ізгі ниеттеріңіз үшін рахмет айтқым келеді. Екіншіден, бізбен жұмыс істеуге келісім бергендеріңізге ризашылығым шексіз. Жамбыл өңірі егінге, мал шаруашылығына өте қолайлы өлке екен. Осы аймақта екі жаққа тиімді бірнеше жобаларды жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар. Мәселен біздің елімізге ет қажет, дәрілік өсімдіктерден сусындар жасауға болады. Ауылшаруашылығы дақылдарын да өсіруге көмек беретін едік,-деді делегация жетекшісі Камали Хоссейн Хасан.

Жамбыл облысы ирандық инвесторларға ауыл шаруашылығындағы қаржыландыруды қажет ететін инвестициялық жобаларды ұсынуға дайын екендігін жеткізді.

-Жамбыл өңірі агросекторға бейім. Өндірістік дамуы да жаман емес. Ауылшаруашылығы бойынша атап айтарлықтай жобаларымыз көп. Бізге қазір қант қызылшасын, жүгері алқаптарын жаңа технологиямен өсіру аса қажет. Одан басқа аймақ туризм, өндіріс үшін де аса қолайлы.  Болашақта жүзеге асырылатын жобалар шикізатты өңдеуге бағытталса, екі жаққа да тиімді болар еді,-деді облыс әкімі.

Ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін Иран делегациясы облыстағы ауыл шаруашылығы объектілерімен танысады.

Сұхбат

PhotoRoom