Шымкентте 6,5 шақырымды құрайтын жылу магистралі қайта жаңартылуда

Аймақ
20.08.2016, 22:09

Шымкент қаласында 6,5 шақырымды құрайтын жылу магистралі қайта жаңартылып жатыр. Бұл  жұмыстарға бюджет есебінен 1 миллиард 68 миллион теңге бөлініп, мердігер компания «Казойлсервис» ЖШС құбырларды ауыстырумен айналысуда.

DSC 6010

Өткен жылдың қараша айына дейін қаланы «Энергорталық-3» және «Қуатжылуорталық-3» мекемелері жылумен қамтып келді. Қазіргі таңда «Энергорталық-3» мекемесі өздеріне қарасты 383 шақырым жылу жүйелерін толығымен мемлекеттің меншігіне өткізіп, тек жылу өндіруші ретінде ғана қызмет көрсететін болды. Ал «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық мекемесі жылу таратушы қызметін атқарып отыр. Осыған дейін «Қуатжылуорталық-3» мекемесі қаланың Оңтүстік бөлігіне жылу беріп келген. Ондағы жылу құбырларының 90 пайызы жергілікті бюджет есебінен жөнделіп, жаңартылған. Қазіргі кезде «Энергорталық-3» мекемесінен өткен жылу жүйелері толығымен ауыстырылуда. «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Қайрат Досжановтың айтуынша, ондағы құбырлардың әбден тозығы жеткен.

– Ұзақ жылдар бойы «Энергорталық-3» мекемесі тарапынан жылу құбырлары жөндеу көрмеген. Осы ретте жергілікті бюджеттен қаланың ішкі орамдық жылу жүйелерін жөндеуге 127 миллион теңге бөлінсе, ал шаһардың Солтүстік бөлігіндегі ескі құбырларды ауыстыруға облыстық бюджеттен 613 миллион теңге қаралды. Қазіргі кезде бұл жұмыстар қарқын алған. Қаланың ішкі орамдық жылу жүйелерін жаңалауға 34 нысанда барлығы 185 адам жұмылдырылған. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 212 миллион теңге қаражат бөлінді, – дейді Қ.Досжанов.

DSC 6023

Айта кететін жағдай, өткен жылы жылуды бойында сақтап тұратын құбырлар қойылды. Оның негізі темір, ал сырты полиэтиленмен қапталған және ортасы құрылыста қолданылатын көбікпен толтырылған. Қ.Досжанов өткен жылы мұндай құбырлардың сынақтан сәтті өткендігін және жылудың сыртқа кетіп, ысырап болмағанын айтты. Ал ішкі орамдық жылу жүйелерін ауыстыруда мұндай құбырлар әзірге қолданылмайды. Өйткені, оның тарифке әсер етуі мүмкін екен. Сондықтан, қазіргі кезде ескі әдіс бойынша, яғни бұрынғыдай магистраль құбырларының сырты цементтеліп, мұнан соң сырты мырыш жабындымен қапталып жатыр.

 MG 5674

Жылуды үнемдеудің тағы бір жолы – жылу есептегіш құралдарын орнату. Өткен жылдан бері Шымкентте 260 көпқабатты тұрғын үйге жылу есептегіш құралдары орнатылыпты. Биыл да «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, Астана қаласындағы «Қазцентр ЖКХ» мекемесімен келісім жасалып, тағы да 200 жылу есептегіш құралдары әкелінбек. Есептегіш құралдарының басты ерекшелегі – жылуды 50 пайызға дейін үнемдейді.

– Жылу есептегіш құралдары 5 жылға несиеге беріледі. Оның бағасы – 750 мың теңге. Мәселен, 3 бөлмелі 80 шаршы метрлік пәтер тұрғындары ай сайын 12-13 мың теңге төлеп келсе, жылу есептегіш құралдары орнатылған соң 6-7 мың теңге төлейтін болды. Бұл – берілген жылу мен жылу есептегіш құралы үшін төленетін несиені қосқанда шығатын сома. Қазіргі кезде қаладағы төрт аудан әкімдіктері тарапынан халықпен кездесіп, жылу есептегіш құралдарының тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Қ.Досжанов.

Өткен жылы көрсеткен қызметі үшін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік мекемесі қарыздардың 94 пайызын жинап үлгерді. Бүгінгі таңда халықтың мекеме алдында 157 миллион теңге берешегі бар екен. Қарызы көп абоненттердің ісі сотқа жолданыпты.

Биыл жылу бағасы көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің ОҚО бойынша департаментінде жылу тарифіне қатысты алдын ала тыңдау барысында айтылған еді. «3-Энергоорталық» АҚ-ның мамандары тарифті көтерудің басты себебі – көгілдір отын бағасының 14,25 пайызға өсуі және суды тарату мен оны тұтыну бағасының қымбаттауы деп отыр. Сондай-ақ, жылу энергиясын сату шарттарының өзгеруі және «3-Энергоорталық» АҚ-ның 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны орындау мақсатында қаржыландыру көздерін бекіту және жылу энергиясын сату көлемінің өзгеруі де тарифтің көтерілуіне өз әсерін тигізуде. Соның нәтижесінде жылу бағасы 21 пайызға өсуі мүмкін. Тарифке қатысты нақты шешім биылғы жаңа жылу маусымы басталғанға дейін қабылданады. Өткен жылы жылудың бір шаршы метріне 109 теңге төленсе, биыл 11 теңгеге артық болуы мүмкін деп болжануда.

DSC 6009Қалада жаңа жылу маусымына дайындық жұмыстары салдарынан кейбір көшелерде көліктердің жүруіне едәуір қолайсыздық туғызуда. Атап айтар болсақ, Желтоқсан көшесінде «Мұз сарайы» маңы, Ш.Уəлиханов көшесінде орналасқан №40 мектептің тұсы тамыздың 18-не дейін жөнделіп бітеді. Ал Ғ.Іляев пен Ә.Тыныбаев көшелерінің қиылысында және Толстой көшесінің Ж.Адырбеков пен Ж.Тәшенов көшелерімен қиылысатын бөлігінде жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ, «Салтанат» сауда орталығынан 16 шағынауданға дейінгі жол бөлігінде және 14 орам аумағында да жылу құбырларын ауыстыру осы айдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Айта кетейік, кей көшелерде, нақтырақ айтқанда, «Шығыс» шағынауданындағы Қ.Қазиев және 3 шағынаудандағы «Жаңа шахар» базары жанында құбыр тарту жұмыстары қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады. Жалпы, жылу құбырларын жөндеу, құбырларды ауыстыру және сығымдау жұмыстары 15-ші қазанға дейін толық аяқталады. Мұнан соң мамандар жылу беруге кіріспек. Бұл туралы shymkala.kz сайты жазады.

Сұхбат

PhotoRoom