Еуропалық одақ елдерінің басшылары Ресейге қарсы жаңа санкциялық пакет енгізу туралы келісімге келді. Әрине, Украинаға қатысты ұстанған озбыр саясаты үшін.
Бұл санкция бойынша алғаш рет ресейлік мұнай-газ индустриясына, қаржы, қорғаныс және технологиялық сектордың барлығына әсер ете алады, деп мәлімдеді дипломаттар Брюссельде. Бұның алдындағы санкциялар тек қана жекелеген саясаткерлерге, кәсіпкерлерге және компанияларға қатысты болған.
Шетелдегі есепшоттары жабылған, Еуропалық Одақ территориясына кіруге тыйым салынған ресейліктердің саны өсіп, қазірдің өзінде 87 адамға дейін жетті.
Дэвид Кэмерон бастаған Еуропалық Одақ лидерлері кеше келіссөздер кезінде ресми Мәскеу Украина жеріндегі сепаратистерді қолдап, күш бергені үшін "ауыр жазаға" тартылуы керек деген болатын.
Айта кету керек, сонымен қатар Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри телефон арқылы сөйлесіп, малайзиялық ұшақ құлаған өңірде зерттеу жұмыстарын алаңсыз жүргізуге мүмкіндік беріп, сол аймақта қарулы қақтығысты тоқтатуға және БҰҰ-ның резолюцияларын орындауға уағдаласты.