Тәуелсіздік жетістігі: Жамбыл ауданында 517 га егістік алқап жаңа су үнемдеу технологиясымен суарылуда

Аймақ
20.10.2016, 00:04

sam_1627Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл ауданының әкімі Мұсаев Мәден Тоқтарбайұлы өзі басқаратын ауданда Тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәден Тоқтарбайұлының айтуына қарағанда, аудан ел егемендік алған 25 жылдың бедерінде дамудың қарқынды жолына түскен. Қазақстанның егемендік алуымен, тәуелсіздікке қол жеткізуімен бірге аудан тарихының жаңа парақтары ашылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында одақтың ыдырап, экономикалық қатынастардың үзілуі кері әсерін тигізгендіктен, тәуелсіздікті тұрақтандыру жолында аудан жұртшылығы да тегеурін таныта білді. Нәтижеге бүгінге дейін атқарылған жұмыстар негіз бола алады.

Ауданымыз еліміздің барлық өңірлері секілді әлеуметтік-экономикалық жағынан өсу үстінде. Аудан экономикасымен қатар халық саны да артуда. Бүгінгі таңда 17 ауылдық округке қарасты 42 елді мекенде 79 933 адам тұрады.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 2000 жылдары ауданның жалпы шығарылған өнім көлемі 3 млрд 411 млн теңгені, ал тартылған инвестиция көлемі 216,9 млн теңгені құраған болса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы жалпы шығарылған өнім көлемі 63 млрд 901 млн теңгені, ал тартылған инвестиция көлемі 24 млрд 56 млн 453 мың теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылық саласы да қашанда басты назарымызда. 2000 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2 млрд 171 млн. теңгені құраса, 2015 жылы 19 млрд 775 млн. теңгеге жеткен.

Аудан экономикасы негізінен аграрлық салаға бағытталған. Мәселен, ауданда барлығы 2503 агроқұрылым, оның ішінде 1 мемлекеттік мекеме, 4 өндірістік кооператив, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2496 шаруа қожалығы жұмыс жүргізуде.

 Ауданда жылыжай құрылысын салу 2007 жылы басталды. Бүгінгі күнге ауданда 289 жылыжай бар (көлемі 15,1 га), оның ішінде Қаратөбе ауылдық округінде - 267, Жамбыл ауылдық округінде - 2, Аса ауылдық округінде - 6, Айшабибі ауылдық округінде -8, Ақбұлым ауылдық округінде - 6 жылыжай орналасқан. Бүгінгі күнге осы жылыжайлардың 207-де көкөніс дақылдары өсірілуде. Барлық жылыжайлар бойынша 0,55 га қызанақ, 9,1 га қияр және 1,47 га басқа дақылдар егілді. Биыл осы жылыжайлардан бірінші кезеңде 794,76 тонна өнім алынды.

Спикердің мәлімдеуінше, ауданда 2010 жылдан бастап тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. Қазіргі таңда барлығы 517,89 га егіс алқаптары жаңа су үнемдеу технологиясымен суарылуда.

Өткен жылы тағы бір игі іс қолға алынып, 574 га алқапқа жеміс ағаштары отырғызылған, оның 98 гектары қарқынды алма бақтары. Биыл тағы 112 га қарқынды (интенсивті) жеміс бақтары отырғызылды. Осыған сәйкес, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы Ақбастау ауылдық округі - 50 га, «Шоқай-Жеміс» ШҚ - 12 га, «Сады Востока» ЖШС - 50 га қарқынды алма бағын отырғызуды бастады.

Биыл ауданда қант қызылшасын өсіруге жете көңіл бөлініп, 1200 га алқапта тәтті түбір бапталып, қазіргі таңда жиын-терін науқаны жүріп жатыр. Ауданда қызылша өсіру бойынша ертеден қалған еңбек дәстүрі бар екенін ескерсек, алдағы уақытта бағалы техникалық дақылды өсіру көлемі барынша артатын болады, - деп өзі басқаратын аудандағы берекелі тірлікті сөз еткен Мәден Мұсаев спорт, мәдениет, автомобиль жолдары саласында қол жеткізілген жарқын жетістіктерді де атап өтті.

Сұхбат

PhotoRoom