Ердоған - халық таңдаған Түркияның тұңғыш президенті

Жаңалықтар
11.08.2014, 09:51

Дауыстарды санау процесі кезінде жазғанымыздай, Түркия президенттігі үшін өткен саяси науқанның бірінші турында-ақ Режеп Тайып Ердоған жеңіске жетті. Алдын-ала мәліметтер жариялана салысымен ол өзін қолдаушы электорат алдында сөз сөйлеп үлгерді. 

"Жаңа әлеуметтік ықпалдастық кезеңін бүгіннен бастап, ескі Түркия жөніндегі пікірталастарды доғарайық" деді елдің үкімет басшысы.

Ердоғанның сөзін тыңдаушылар ду қол шапалақтап, "Түркия сенімен мақтанады!" деген жалынсөздерін аямады.

"Бізді диктатура дейтіндер, бізді авторитарлы режим дейтіндер өздеріне қарасын. Біз де оппозицияда жүріп жапа шеккенбіз", деді болашақ президент.

Айта кетейік, бұл Түркияда өткен ең алғашқы тікелей дауыс беру арқылы өткен президенттік сайлау. 1923 жылдан бастап президентті парламент таңдап келген болатын. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, сайлауға қатысуға құқығы бар 52 миллионнан астам халықтың 76 пайызы саяси науқанда белсенділік танытты.

Бұл сайлауға бақылаушы ретінде Түркі академиясы да қатысқан. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында академия президенті, белгілі ғалым Дархан Қыдырәлі "...Бауырлас елдің тарихына елеулі оқиға ретінде енген бұл сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне тілектеспіз. Айтпағымыз, Түркі академиясы осы сайлауға бақылаушы болып қатысуда. Бұл да академияның халықаралық ұйым ретіндегі алғашқы сынақтарының бірі", деп жазған болатын.

Сонымен, Ердоған дауыс берушілердің 52 пайызынан астамының сеніміне ие болды. Егер 50 пайыздық кедергіні бағындырса, бірінші турдың өзінде жеңімпаз болуға мүмкіндік беретін сайлау туралы заң президентті анықтап бергендей. Оппозиция өкілі Ыхсаноғлу 38 пайыз мөлшерінде дауыс жинаса, күрдтердің ықпалындағы Демирташты небәрі 9 пайыз электорат қолдаған.

Сұхбат

PhotoRoom