Шардарада жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Аймақ
05.12.2016, 22:45

20161205172601Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне Шардарада жаңадан бой көтерген Спорт кешені салтанатты түрде ашылып, іске қосылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.  Ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов құттықтау сөз сөйледі. «Ардақты ағайын! Бүгін шағалалы өңірде зәулім спорт кешені пайдалануға беріліп жатыр. Облыстық бюджеттен бөлінген 368 млн 995 мың теңгеге 260 орындық заманауи үлгіде спорт ғимараты тұрғызылды. Әлемдік дағдарысқа қарамастан осындай әлеуметтік нысанға мемлекет тарапынан қаржы бөлінуі еліміздің экономикалық жағдайының қарқынды дамып келе жатқанына дәлел бола алады»,-деді ол. Шардаралықтардың қуанышын спорт саласының ардагері Бақыт Жаңбырбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтжан Бердашов, ауданның ардагер спортшысы Оразбай Назарбеков, және басқалар бөлісіп, жаңа ғимараттан әлем танитын спорт жұлдыздары шыға берулеріне тілектестігін білдірді. Ашылу салатанаты кезінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов Алматыда өткен дүбірлі сайыста «Евразия барысы» атағын жеңіп алған шардаралық Ерсұлтан Мұзаппаров пен Қостанай қаласында өткен республикалық «Жас барыс» турнирінде І орын мен «Түйе палуан» атағын жеңіп алған Қайсар Шәмшиддинов сынды саңлақтарға «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар тарту етті. Айта кеткен жөн, жаңа ғимаратта №2 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасады. Мұнда  бокс, қазақ күресі, дзю-до, грек-рим күресі, еркін күрес, таэквон-до, жеңіл атлетика, футбол және шахмат тәрізді спорт түрлері бойынша 1200 жас  жаттықпақ. Спорт кешенінің ғимаратында облыстық деңгейден бастап, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылатын болады. Ресми түрде пайдалануға берілген жаңа Спорт кешенінде осы күні алғашқы ойындар басталып кетті. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Оңтүстік Қазақстан облысының кубогы үшін турнир ұйымдастырылып, оған Шымкент қаласы мен басқа да аудандардан жас палуандар қатысты. Тартысты өткен палуандар сайысында Шардара ауданының спортшылары командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші орынды Түркістан қаласының жас палуандары еншілесе, ІІІ орын Шымкент қаласынан келген спортшыларға бұйырды. Жеңімпаздар сый-сияпатпен марапатталып, І орынға 300 мың, ІІ орынға 200 мың, ІІІ орынға 100 мың теңге жүлде тапсырылды.

 

Сұхбат

PhotoRoom