Жамбыл жерінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі жоғары деңгейде тойланып жатыр

Аймақ
16.12.2016, 15:45

Жамбыл жерінде де Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде тойланып жатыр. Ширек ғасырлық мейрамға мыңдаған жұрт жиылды,-деп хабарлайды 24.kz. Түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір ондаған этностың өкілдері орталық алаңда бас қосып, тарихи мерекеге қатысты. Әулиеаталықтар биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесін жыл басынан бері атап өтіп келеді. Міне, бүгін аймақта таңертеңнен бері негізгі іс-шаралар өтіп жатыр. Жұрт көтеріңкі көңіл-күйде. Жамбылдықтар мен қала қонақтарының басым көпшілігі екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың тарихи жәдігерлерімен танысып жүр. Ал орталық «Достық» алаңында жұртшылық концерт көріп, халық жаппай мерекелеп жатыр. Олар үшін жергілікті өнерпаздар арнайы әннен шашу шашып, мейрам көркін қыздыру үсінде. Сонымен қатар бүгін ерекше шара ұйымдастырылмақ. Қонақтар Тараз қаласының көркін әуеден тамашалай алады. Ол үшін арнайы «Тәуелсіздікке 25 жыл!», «Тәуелсіз Қазақстан» деген жазулар жазылған үш бірдей алып шарлар әуеге көтерілуге дайындалып жатыр. Аздап соғып тұрған желге байланысты шара кідіруде. Тұрғындар 50 метр биіктікке көтеріліп, Тараз қаласының үстімен 30 шақырым аумақты жүріп өтеді. Сол арқылы 25 жылда түлеген тарихи мекеннің келбетін көзбен көреді. Айтпақшы, жылу аэростаттарына мінемін деген кез келген адамға әуеде қалықтауға мүмкіндік жасалған. Келушілердің қатары сағат сайын артып келеді. Мереке көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатыр. Жалпы Қазақстанда жүзден астам түрлі ұлт пен ұлыс болса, соның 80-нен астамы осы Жамбыл жерінде тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мухаббат Тұрдиева, Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы: - Тәуелсіздік - барша қазақстандықтардың ең басты жетістігі. Бұл ұғым қастерлі, әрі ел тарихындағы ең маңызды мейрам. Еліміз ширек ғасырда талай белестерді бағындырды. Аз ғана уақытта әлемнің алпауыт елдері санасатын мемлекетке айналдық. Бұл бірлік пен ынтымақтың, еңбектің арқасы деп білеміз. Қазақстан жасай берсін! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Айта кету керек, облыс орталығынан бөлек, облыстың 10 ауданының жұртшылығы да тарихи мерекені тойлау үстінде. Жалпы бүгін өңір бойынша 80-нен астам іс-шара өткізу жоспарланған. Қазір үш бірдей жоғарғы оқу орындарының жастары қонақтарға арнап концерттік бағдарламаларын ұсынып жатыр. Мейрам кешке дейін жалғасады. Ал қас-қарая мерекелік отшашу ұйымдастырылмақ.

Сұхбат

PhotoRoom