Жамбылда «Тәуелсіздік таңдары» атты мәдени-ағартушылық акция өтті

Аймақ
02.12.2016, 22:53

Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінде ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік таңдары» атты мәдени-ағартушылық акция өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталмыш шараны облыстық ІІД-нің өкілдері тарихи-өлкетану музейі мен Тараздың көрме залымен, филармониямен бірлесіп ұйымдастырды. Шараның мақсаты - халық эстрадалық музыкасын насихаттау және тұрғындардың рухани мәдениетін көтеру. «Ел Президенті құқық қорғау органы қызметкерлеріне ерекше қамқорлық танытып отыр. Жамбыл гарнизонының полицейлері өздерінің қызметтік міндеттерін Мемлекет басшысы талап еткендей мүлтіксіз орындауда. Тұңғыш Президент күнін атап өту біздің еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктерін қамтиды»,-деді облыстық ІІД-нің бастығы Тілеген Маткенов өзінің сөзінде. Шара барысында Тәуелсіз Қазақстан туралы документалды фильмдер көрсетіліп, халықтың назарына жылжымалы музей көрмесі ұсынылды. Филармония мен облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Мерекенің құрметіне орай ішкі істер органының бірқатар қызметкерлері «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен және «ІІО-ның үздік қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. «Тәуелсіздік таңдары» атты акцияны ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін музей, көрме залы, филармония мен кинофикация қызметкерлері марапатталды»,-деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Сұхбат

PhotoRoom