Таразда құны 10 млрд. теңгені құрайтын 3 индустриалдық жоба іске асырылады

Аймақ
14.12.2016, 21:18

Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында "Ширек ғасыр шежіресі" атты тақырыпта Тараз қаласының әкімі Календеров Нұржан Сәбитұлы баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын барысында Нұржан Сәбитұлы ширек ғасырда қаланың жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы тұрған мақсатты жұмыстарды баяндап өтті.

Қала басшысының баяндауынша, тарихи деректер Тараз қаласының ежелден өркениет, соның ішінде өнеркәсіп орталығы болғандығын, мұнда түрлі өндіріс бұйымдарын өндіретін шеберханалардың жұмыс істегендігін көрсетіп отыр. Ал, кешегі Кеңес дәуірінде Тараз Одақ бойынша ең ірі химия өнеркәсібінің орталығы болды. Одақ тараған соң бұрынғы жүйенің ыдырауы, экономикалық байланыстардың бұзылуы себебінен қаланың инфрақұрылымдарында бірқатар өзгерістер пайда болып, өндіріс және өнеркәсіп орындарының жұмысында іркілістерге жол берді. Республика бойынша жүргізіліп отырған ілкімді экономикалық саясат нәтижесінде соңғы жылдары қалада экономикалық тұрақтылық орнығып, өрлеу-даму тенденциялары айқын байқалуда.

Үдемелі индустриялы-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға үлкен мән берілуде. Ағымдағы жылы құны 10,0 млрд. теңгені құрайтын 3 индустриялдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, онда 95 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Кеше ғана пайдалануға берілген: «Казфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалы экстрационды фосфор қышқылын өндіретін ЭФК-1 технологиялық жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап, іске қосылды. Жобаның құны 7 млрд. 700 млн. теңге, қуаттылығы жылына - 220 мың тоннаны құрайды.

«Жамбылгипс» АҚ-ы құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс бұйымдарын өндіретін жаңа цехтің құрылысын және қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтайды. Жобаның құны 1 млрд. 715 млн. теңге, қуаттылығы жылына - 270 мың тонна. 50 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. "Бағұл" ЖШС-і дәнекерлеу электродын шығарудың өндіріс қуаттылығын кеңейтуді жоспарлап отыр, жобаның құны 585,5 млн. теңгені құрайды. Жылдық қуаттылықты 2 мың тоннаға жеткізіп, 45 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда, - деп хабарлады өңір басшысы Нұржан Календеров.

Сұхбат

PhotoRoom