Жамбылдық 3756 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті

Аймақ
14.12.2016, 19:20

«100 нақты қадам» - ол Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев белгілеген 100 міндетті іс-қимыл, ол - ХХІ ғасырдағы тиімді реформалардың орасан зор бағдарламасы. Ұлт жоспары - «100 нақты қадамда» белгіленген орта және кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы 4 қадамды жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Құрманбекова Сұлушаш түсіндірді.

Сұлушаш Сәтбекқызының мәліметінше, 76 - қадамда берілген жаңартылған білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен көшу тапсырмасына сәйкес өткен оқу жылында облыстағы 2 мектепте жаңа стандартқа сай әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері, оқу жоспарлары мен бағдарламалар сынақтан өткізілді. Бүгінгі күні аталған сынақ 2 сыныптарда жалғасуда.

Биылғы оқу жылынан бастап еліміздің 1-сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына және 5 күндік оқу аптасына көшті. Облыс бойынша 1-сыныпқа сабақ беретін 3756 педагог жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

«Табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» туралы тапсырмаға сәйкес 2014 жылдан бастап ең үздік білім беру ұйымына «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын беру дәстүрге айналған. Осы грантты иеленген 3 білім мекемесіне - облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернатына (15 млн 973 мың), Тараз қаласындағы №40 гимназияға (17 млн 091 мың 200), облыстық үш тілде білім беретін дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепке (18 млн 287 мың 200) ең төменгі жалақының 800 еселенген мөлшері көлемінде облыс әкімінің гранттары берілді.

Сондай-ақ, басқарма басшысы 77-ші қадам бойынша атқарылған жұмыстарды да айта кетті. 77-ші қадам бойынша елімізде жүзеге асырылатын инновациялық жобаларды кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл политехникалық колледжі «Ең үздік 10 колледж» қатарына енді.

Аталған колледждің 2016-2020 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары жасалды. Жоспарға сәйкес өңір экономикасының басым бағыттары - химия саласы үшін «Химиялық технология және өндіріс» мамандығы бойынша германдық білім беру бағдарламасы, құрылыс саласы үшін «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша австралиялық білім беру бағдарламасы негізінде 50 білімгер мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес білім алуда. Колледждің 44 қызметкері «Кәсіпқор» Холдингі» ұйымдастырған біліктілікті арттырудың үш деңгейлі модульдік бағдарламалары бойынша Беларусь мемлекетінің Минск және Астана қалаларында арнайы курстардан өтті.

2016-2017 оқу жылынан бастап «Кәсіпқор» Холдингтің серіктес колледжі ретінде «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша сингапурлық модель негізінде оқу ресурстық орталығы құрылды. Аталған орталықта құрылыс саласына қажетті мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары жүргізілмек. Орталықтың жұмысы - құрылыс материалдары өндірісі бойынша жетекші қазақстандық «Кнауф» және «Алина» компанияларымен жасалған келісім-шартқа сәйкес ұйымдастырылатын болады, - деп мәлімдеген басқарма басшысы басқа да бірқатар жобаларды атап көрсетті. Хабарламашыға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды

Сұхбат

PhotoRoom