"Жамбыл жауһары" атты виртуалдық шығармашылық байқауы мәресіне жетті

Аймақ
06.12.2016, 00:39

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығы  «Халық қазы – өнер таразы» ұстанымын ұстанып, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы аясында «Жамбыл жауһары» атты виртуалдық шығармашылық конкурс ұйымдастырды. Бұл туралы Жамбыл облысы халық шығармашылығы орталығының баспасөз қызметі хабарлайды.

Өнер додасының бір артықшылығы, әлеуметтік желі қолданушыларының белсенді қатысуымен өтті. Яғни, әр қатысушының қаламынан туған шығармаларды «Вконтакте» әлеуметтік желісінің қолданушылары өзінің талғам-таразысынан өткізіп барып, дауыс берді (лүпіл лайк басу арқылы).

Өлкеміздің өзгеше ерекшеліктерін, қоғамның азаматтық және шығармашылық белсенділігін арттыруды көксеген өнер аламанының  фотосурет және бейнелеу номинациялары бойынша 123 шығармашылық жұмыстары конкурсқа жіберілді.

Дауыс беру нәтижесі бойынша жеңімпаздар да анықталды.

Облыстық көрме залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «ЖАМБЫЛ ЖАУҺАРЫ» атты виртуалдық шығармашылық конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Конкурс қорытындысы бойынша  Бейнелеу өнері номинациясы бойынша 1718 дауыс жинап, үздік өнер көрсеткен Тұрар Әбумансұр (Тараз қаласы)- I орынмен, 1195 «лайк» жинап, үздік өнер көрсеткені үшін – Бауыржан Тажимуратов – (Жуалы ауданы) – II орынмен, 319 дауыс жинаған Айдар Сейтканов (Жамбыл ауданы)- III орынмен марапатталды.

Фотосурет номинациясы бойынша 6650 дауыспен Қайсар Турсунбаев (Тараз қаласы) – I орынмен, 5874 дауыс жинаған Нұрдәулет Исатаев (Меркі ауданы) – II орынмен, 4543 дауыс- Нұршаш Ермаханова (Сарысу ауданы) – III орынмен марапатталды.

Соңында марапаттау рәсіміне жиналған көрермендер саксафонның жанды орындауында  байқау жұмыстарының көрмесін тамашалады.

Сұхбат

PhotoRoom