Шымкентте жыл басынан бері 2 479 нәресте дүниеге келді

Аймақ
03.06.2017, 00:02

Шымкент биыл күзде миллион тұрғыны бар қалаға айналады. Сол арқылы облыс орталығы ел аумағындағы ірі үш қаланың санатына енбек. Жуырда облыс орталығына арнайы іссапармен келген ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлімдеген еді,-деп жазады Шымкент келбеті газеті.

byilgy-meje-43Қазіргі таңда қаладағы халық саны 900 мыңнан асады. Ресми деректерге сүйенсек, Шымкентте жыл сайын орта есеппен 20 мыңға таяу сәби дүниеге келеді. Бұдан бөлек, орта есеппен алғанда, 6,5 мың адам қалаға қоныс аударады. Осылардың есебінен, қаланың орташа демографиялық өсімі жыл сайын 3 пайызды немесе 15,3 мың адамды құрауда.

– Тек өткен жылы қала аумағында 30 099 сәби дүниеге есігін ашыпты. Ағымдағы жылдың 4 айында қалалықтардың саны 2 479 нәрестемен толықты. Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 536-ға артқан, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Қуанышбеков.

Шымкент туу көрсеткіші бойынша ел аумағында көш бастап тұр. Көпбалалы аналарға тиісінше үлкен құрмет-қолдау көрсетіледі. Облыс орталығында қазіргі таңда 6 мыңға таяу көпбалалы ана бар.

Қаланың демографиялық ахуалының жақсаруына отбасын құрған жандар қатарының артуы да негізгі фактор болуда. Өткен жылда некесін қидырған 7006 ерлі-зайыпты мемлекеттік тіркеуге алынған. Биылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша 386 жұп тіркелген.

Сала жетекшісінің айтуынша, бала асырап алу көрсеткішінің де арта түскені байқалады. Өткен жылы 141 шымкенттік отбасы «Балалар үйінің» тәрбиеленушілерін бауырына басыпты. Тиісінше, биыл әзірге, 10 отбасы бала асырап алуға ниет білдірген.

Сұхбат

PhotoRoom