ОҚО-да жаңа автобустар бағыты ашылады

Аймақ
22.06.2017, 22:21

Қазiр елiмiзде ЭКСПО – 2017 мамандандырылған халықаралық көрмесi өтiп жатыр. Шетелдiк саяхатшылар тек Астананы ғана емес, республикамыздың өзге туристiк нысандарын да аралайды. Демек, өңiрде жолаушылар тасымалына байланысты жұмыстар әлi де жалғасын табады. Себебi, туризмнiң күретамыры – сапалы жол мен сапалы көлiк қызметi.

Ал, Оңтүстiк Қазақстан облысында туристiк нысандардың өте көп екенін ескерсек,  ол орындарға саяхатшылардың еш қиналмай баруына жағдай жасау – уақыт талабы. 1491802520_article_b_1500_

Облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұттың айтуынша, өңiрде жолаушылар тасымалы мәселесi шешiмiн тапқан. Саяхатшылар ең жиi баратын Түркiстан қаласына Шымкенттегi «Бекжан» автовокзалынан 10 шағын автобус, ал, «Самал» автовокзалынан 5 үлкен автобус қатынайды.

Отырар ауданындағы «Арыстан баб» кесенесiне «Самал» автовокзалынан 15, «Бекжан» автовокзалынан «Шымкент –Шәуiлдiр» бағытында 15 шағын автобус жүредi. Бұл бағытты «Отырартөбеге» дейiн ұзартуға да болады. Жақында Отырар ауданынан Түркiстан қаласына Қоғам ауылы арқылы тiкелей баратын «Шәуiлдiр–Түркiстан» бағытына конкурс өткiзу жоспарда бар.

Арыс қаласындағы шипажайға бару да қиындық тудырмайды. Ол үшiн «Самал» автовокзалынан «Шымкент–Арыс» бағыты бойынша 14 рет шағын автобус, 1 рет үлкен автобус қатынайды. «Сарыағаш» шипажайына баратын жолаушыларға «Шымкент–Сарыағаш» бағытында шағын автобус 15 рет жолға шықса, емделушiлердiң көбеюiне байланысты бағыт тағы 30-ға дейiн арта түспек. «Шымкент–Шардара» бағыты бойынша «Самал» автовокзалынан автобус күнiне 6 рет жолға шығады.

Облыс тұрғындарының жиi демалатын орындары Төлеби ауданында орналасқан. Осы аймақтағы «Төлеби автобус паркi» облыс орталығымен байланыстыратын көлiк кестелерiн бiр жүйеге түсiрген. Қазiр «Шымкент–Леңгiр», «Шымкент–Көксәйек», «Шымкент–Диханкөл» бағыттары бойынша автобустар жеткiлiктi. Өңiрде туризмдi дамыту жөнiндегi облыс әкiмiнiң тапсырмасына сәйкес, жұма, сенбi және жексенбi күндерi Шымкенттегi темiржол вокзалынан және автовокзалдардан жаңа бағыттар ашылады деп күтiлуде. Дәлiрек айтсақ, «Алма-Тау», «Бiркөлiк», «Ақмешiт», «Тау самалы», «Алтын дән» және «Eco Village Kaskasu» демалыс орындарына Шымкент қаласынан таңғы сағат 8.00, 9.00 және күндiзгi 16-00-де тұрақты автобус бағыттары ашылмақ. Сонымен қатар, «Самал» автовокзалынан таңғы сағат 8.00 мен түскi 15.00-де «Шымкент–Арыстан баб» бағытын ұйымдастыру жоспарлануда. Осы бағыттарды ашу үшiн өңiрдегi жолаушы тасымалдайтын компанияларға арнайы хат жолданған.

Туристiк бағыттар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекiтiлген «Автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасының» 8-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни жеке және заңды тұлғалардың және туристердiң тапсырысы бойынша белгiлi бiр кезеңде көлiктер саны көбейтiледi. Әсiресе, көктем және жаз мезгiлiнде жолаушылар да, автобустар да көбейе түспек. «Тұрақты емес» тасымалдауларға қызмет көрсету мақсатында облыстағы 19 тасымалдаушы мекеме «Тұрақты емес тасымалдауды лицензиялау» мемлекеттiк қызметi арқылы лицензия алған. Осы көлiк компаниялары тұрғындардан туристiк бағыттар бойынша тасымалдау туралы өтiнiм түскен жағдайда келiсiмшарт негiзiнде жолаушыларды тасымалдауға дайын.

Ақпарат көзі: "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Сұхбат

PhotoRoom