ОҚО-ға «ЭКСПО-2017» көрмесi аясында 3 мыңнан аса турист келген

Аймақ
03.08.2017, 16:49

Оңтүстік Қазақстан облысына «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесi аясында 3 мыңнан аса турист келген. «Ontustik Tourism Center» арқылы өңiрге келген қонақтар Франция, АҚШ, Германия, Швейцария секiлдi шет мемлекеттерінің азаматтары, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 20170803133045Өз кезегiнде ЭКСПО көрмесiне саяхаттап келетiн туристердi қабылдауға оңтүстік оңірі де жақсы дайындалды. Әсiресе, туристiк бағыттар әзiрленiп, зиярат орындарының, демалыс аймақтарының инфрақұрылымы жақсартылып, қонақтарға қызмет көрсету сапасы бiршама көтерiлдi. «Ontustik Tourism Center» орталығының мәліметінше туристердiң ең көп саяхаттайтын нысандары Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи мен Отырардағы Арыстан баб кесенелерi болған. Шетелдіктер сонымен қатар  Домалақ ана ескерткiшi мен Ақ мешiт үңгiрi, Ақсу-Жабағылы қорығын көп аралаған. Сонымен бiрге, облысқа турист ретiнде көршiлес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерiнiң азаматтары да көп келедi. Ал, Астана, Алматы қалаларынан және Қазақстанның батыс аймағынан саяхаттап келушiлер негiзiнен Алатау бөктерiнде әсем табиғаттың аясында демалғанды ұнататынға ұқсайды.     Туристiк орталық мамандарының есебiнше, оңтүстікке  келген әрбiр шетелдiк қонақ жүрiп-тұрғанына қалтасынан кемi 50 мың теңге жұмсайды екен. Дегенмен алыс шетелден келетiн туристердiң барлығын бiрдей қалтасы қалың деп қарауға болмайды. Көпшiлiгiн жиһанкездiкке жеке энтузиазмы итермелейдi. Сондықтан болар, шетелдiк туристердiң бiразы Шымкенттегi қымбат мейманханалардан гөрi бағасы орташа қонақүйлердi таңдағанды дұрыс көредi. Ал, «Ontustik Tourism Center» мекемесi арқылы емес, басқа жолдармен Түркiстанға жыл сайын миллионға жуық турист келiп кететiн көрiнедi. Саяхаттаушылардың тарихи орындарға бай, табиғаты тамылжыған Оңтүстiк Қазақстандай өлке бар екенiн Фейсбук, Инстаграм әлеуметтiк желiлерiндегi парақшаларында ағылшын тiлiнде жарияланған ақпараттар арқылы бiлiптi.   Демек, өңірдің туризм саласы бiрте-бiрте дамып, мемлекеттiң табыс көздерiнiң бiрiне айналып келедi деуге толық негiз бар.

Сұхбат

PhotoRoom