Ұсталған қарағандылық шенеуніктердің қатары артты

Аймақ
03.10.2014, 17:00

Қарағанды қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ернар Дәрібеков ұсталды. Оған қызметтік бабын асыра пайдаланды деген кінә тағылып отыр. Бұл туралы Қазыбек би аудандық сотының кеңсесінен хабарланды.

«Қазыбек би аудандық соты Е. Дәрібековке қатысты 2 айға қамауға алу санкциясын шығарды», - деді аудандық соттың кеңсесінде.

Е. Дәрібековке заңсыз жер бөлуіне байланысты ҚР ҚК 307-бабы 1-бөліміне сәйкес айып тағылды.

Сонымен қатар 23 қыркүйекте Қарағанды облыстық прокуратурасы Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марлен Шалтақовтың үстінен ҚР ҚК  307-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу мәліметіне қарағанда, жарықтандыру бағаналарын орнату бойынша шарттарды жасасу кезінде қызметтік бабын асыра пайдалану фактілері анықталған.

Бұрын хабарланғандай, Қазыбек би аудандық соты Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловты екі айға бостандығынан айыру санкциясын шығарған.

Ал 26 қыркүйекте Қарағанды облысының  экс-әкімі Бауыржан Әбдішевті 2 айға қамауға алу санкциясы шыққан.

Сұхбат

PhotoRoom