Облыс әкімі ақын мен палуанға көліп сыйлады

Аймақ
06.10.2014, 17:27

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Қармақшы ауданындағы Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев атындағы ауылдың құрылғанына 50 жыл толуына арналған «Ерлік пен еңбекке толы — 50 жыл» атты мерейтойлық шараға қатысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кеңес Одағының батыры, Қармақшы ауданының перзенті Тәйімбет Көмекбаевтың құрметіне орай салынған ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауыл тұрғындарын құттықтап, сөз сөйледі. «Ауылдың білімді, мәдениетті, өнерді дамыту жөніндегі бағдарламаларына сәйкес өсіп, өркендеген, жаңарған ауылдың бүгінгі көрінісі көз қуантады», — деді облыс әкімі.

Екі күндік мерекелік іс-шарада Т.Көмекбаев ауылындағы жаңа мешіттің, «Жеңістің 70 жылдығы атындағы» саябақтың ашылу рәсімі болып, ақындар айтысы, жыраулар байқауы, қазақша күрес, түйе палуан, гір тасын көтеру, қол күрес ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды.

Салтанатты кеш соңында, облыс басшысы шара аясында ұйымдастырылған ақындар айтысының жеңімпазы Мамыр Байдәулетовке, қазақша күрестен күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуан Айбек Серікбаевқа жеңіл автокөлік кілтін табыстады.

Мерейтойға шақырылған «Нұр-Мұқасан» тобы, Роза Әлқожа, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ерболат Ержанбаев, Төреғали Төрәлі, Еркін Нұржанов т.б. эстрада жұлдыздары ән шырқады.

Сұхбат

PhotoRoom