ӘУЛИЕАТАЛЫҚТАР ИЕ БОЛҒАН ТАМАША ТАРТУ

Жаңалықтар
27.10.2018, 23:58

Таразда “Қала күніне” орай ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, ақсақалдар кеңесін өткізуге арналған «Ғибрат» орталығы ашылды.

Нысан 240-ш.м. аумаққа орналасқан. Жалпы құны – 226 млн. теңге. “Ғибрат” көне түрік сөзі – үлгі өнегелік, тәлім-тәрбиелік деген мағынаны білдіреді.

Ұлы Абай атамыз өзінің 38-ші қара сөзінде «Пікірленбек соңы ғибраттанбақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым – екеуі де өзін зорға есептемекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді» – деп айтқан екен.

«Ғибрат» орталығын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері Александр Савченко ашты.

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

Қайрат Рысқұлбеков саябағындағы “Ғибрат” орталығының Ардагерлер үйімен қатарласа орналасуының өзіндік мәні бар.

Бұл игі бастама ұмытылып бара жатқан халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, өсіп келе жатқан ұрпағымызға тәлім-тәрбие беруге, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға өз септігін тигізбек.

Сонымен бірге қала инфрақұрылымына ұлттық және сәулеттік ерекшелік енгізіп, шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы, аталған саябақта балалар ойын алаңшасы, ролик, шахмат, баскетбол, футбол, спорттық снаряд алаңшалары, сауда дүңгіршектері бар.

Сондай-ақ, ұзындығы  633 метрді құрайтын веложол салынған.

 

Тағы бір қуанышты жаңалық– қала күнінің құрметіне  “Желтоқсан” көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың есімімен аталған саябақ толық жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Халық қаһарманы, қасиетті Жамбыл өңірінің батыры Қайрат Рысқұлбековтің есімімен  аталатын саябақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жаңғыртудан өтті. Басты мақсат 1986 жылғы “Желтоқсан” оқиғасына қатысушыларға деген құрмет көрсету, Тәуелсіздік жолын  өскелең ұрпаққа жеткізу, жастардың патриоттық сезімдерін күшейту.

Саябақтың жобасын – “Табыс жоба”ЖШС дайындаған. Құны-40,9 млн. теңге. Аумағы-6,5 гектар.

Саябақ аумағында батырдың толық ескерткіші орнатылған. Биіктігі – 2,8 метр.

Саябақтағы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұрат Бердалиев ашты.

-Бүгін Қайраттың дауысы жанымыздан естілгендей болып тұр. Қайрат бауырым түрмеде жатқанда шындық әрқашан  жеңеді деп айтқан еді. Бауырым Қайраттың аты еліне танылғаны үшін өте қуаныштымын. Барлықтарыңызға алғысым шексіз!,-деді Қайрат Рысқұлбековтың әпкесі Гүлнар Рысқұлбекова.

Саябақ алдында Қайрат Рысқұлбековтың аты жазылған маңдайша мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және өзге де ұлы тұлғалардың  сөздері жазылған тақталар қойылды. Саябақ аумағында «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер» үйі және «Ғибрат» орталығы, «Шахмат» алаңы, балалар және спорттық алаңшалары орналасқан.

Бүгін ленталары қиылған ескерткіштерге “Тәуелсіздік ұшқыны” аллеясы да қосылды.

«Тәуелсіздік ұшқыны» алауының ені – 4-те 4 метрді, биіктігі – 4-те 6 метрді құрайды. Ондағы алау оты жалындаған жастардың Тәуелсіздікке деген ұмтылысын, ерік-жігерін білдіреді.

Елбасы өз сөзінде «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Сондықтан да Тәуелсіздік – біз үшін қашан да киелі құндылық, асыл қазына» деп айтып өтті.

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қала әкімі, зиялы қауым, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

«Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясын Тараз қалалық қоғамдық Кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Санат Қонарбаев ашты.

Қала жұртшылығы бір күнде шаҺар тарихынан сыр шертетін стелланың ашылу салтанатына да куә болды.  Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдазимов пен темір жол саласының ардагері, Тараз қаласының құрметті азаматы Сағымбек Ақшалов стелланың кермесін қиып, сөз сөйледі.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, 2000 жылдан астам тарихы бар Көне Тараз шахарының үлкен қақпасы, темір жол бекетінің алдына орналасқан стелланың мәні зор.

Стеллада қаламыздың тарихынан сыр шертетін балбалтасы орын алған. Мұнда «тәңір» деген сөз жазылған. Өңірімізден ғұламалардың да шыққанын көрсететін қауырсын, Жамбыл бабамыздың домбырасы, Ықылас Дүкенұлының қобызы бейнеленген.

Алғашында Талас кейіннен Тараз деп аталған бұл шаһар, 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілген. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қалаға өзінің тарихи атуы «Тараз» қайтарылды.

 

Көне шаһардың 2016 жылдық мерекесіне орай, 20 нысан ел игілігіне берілді.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom