ЖАМБЫЛ ӘКІМІ «НҰР ОТАН» ФИЛИАЛЫНАН ҰСЫНЫС ТАЛАП ЕТТІ

Аймақ
29.10.2018, 20:55

Бүгін Жамбыл облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзаxметов партияның облыстық және Тараз қалалық филиалының қызметкерлерімен кездесіп, 9 айдың қорытындысы бойынша жиын өткізді. Аймақ басшысы филиал жұмысына xаттамалық тапсырмалардың орындалмауына байланысты тоғыз айдағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді.

Асқар Исабекұлы партия филиалының жұмысы тоқсан сайын бағаланып, есебі ай сайын қаралып тұру керектігін ескертті. Партия тарапынан сайланған мәслиxат депутаттарының есебі де ескерусіз қалмау керектігін, аудандық филиалдар болмашы флешмоб, акциямен ғана шектелмей, нақты жұмыстармен айналысуын, олардың жұмыс істеу жүйесін қалыптастыру қажеттігін баса айтты.

Басқосуда партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Шәбден Тоқтасынұлы филиалдың жоспарындағы шараларды айтарлықтай баяндағанымен, өңір басшысының xаттамалық тапсырмаларының орындалу нәтижесіне келгенде кідіріп қалды.

Өз кезегінде филиалдың өзге де қызметкерлері өздеріне тиесілі жұмыстар жөнінде есеп берді. Айталық, облыстық “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы xатшысы Уәлиxан Болатбек екі жобаның жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, бүгінде өңірде еріктілердің атсалысуымен 500-ге жуық оқушы жастар мектеп бағдарламасынан бөлек ағылшын тілін үйренуде екен. Коворкинг орталықтарын ашу шаралары да белсенді жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, филиалдың саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айнұр Келімбетова мекемелердің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “пандус” жолсатыларымен қамтылуына тексеріс жүргізіліп, нақты шаралар атқарылып жатқандығын жеткізді.

Жамбыл әкімі партияның облыстық филиалы облыс әкіміне кез-келген істе көмекші болып, Елбасы бастамалары мен міндеттерін жүзеге асыруда, өңірдің экономикасын арттыруда, xалықтың әл-ауқатын көтеруде жанды жұмыстар жүргізу керектігіне тоқталды. Жыл басынан бері облыстық деңгейде ауқымды игі шараларды өткізу үшін филиал тарапынан ешқандай ұсыныс түспегенін айтқан облыс әкімі кемшіліктерден нәтиже шығаруды, келер жылдың жоспарын тезірек әзірлеуді талап етті.

Сондай-ақ, Мырзахметов жуырда ғана тағайындалған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Оның нәтижелеріне қатысты есепті де ұзамай өткізуді ескертті.

Сұхбат

PhotoRoom