«7-20-25»: ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ АШЫЛДЫ

Жаңалықтар
20.11.2018, 11:07

Тараз қаласында Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында “7-20-25” ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы орталықтандырылған түсіндіру кеңсесі құрылды.

«7-20-25» бағдарламасының іске қосылғанына 3-4 айдың жүзі болса да, оған қызығушылық танытушылар қатары күн санап артып келеді. Жалпы, аталған бағдарлама халыққа несімен тиімді, талаптары қандай? Азаматтар ипотекалық тұрғын үй несиесін алуға қандай құжат жинап, бағдарламаға қатысу үшін не істеуі керек? Енді бұл сұрақтардың жауабын қала ішін кезіп, сенделмей-ақ, арнайы орталықтандырылған түсіндіру кеңсесінен білуге болады.

Халықтық кеңсе ашыла салысымен, 42 қала тұрғынына қажетті ақпараттар беріліп үлгерді. Кеңсе қаладағы Қойгелді көшесі №173 үйде орналасқан, офисте бағдарламаға қатысушы барлық екінші деңгейдегі банк өкілдері шоғырланған. Енді ол қала тұрғындарын мәліметтік кеңестер, жеңілдіктер туралы хабардар етіп, сол арқылы ипотекалық бағдарламаны қарқынды жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыстарын жүргізбек. Сонымен қатар, мұнда бағдарлама бойынша «Арай» тұрғын алқабы, Сүлейменов көшесінің соңындағы 15-шағын аудандағы үйлерден пәтер алуға тұрғындардан өтініштер қабылданады. Кеңседе серіктес екінші деңгейлі банктерде құжаттарды рәсімдеу, пәтердің  ауданы мен бөлмесі, бағасы туралы толық ақпараттарды алуға мүмкіндігі бар.

Бүгінгі таңда облыс орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған 16 500 адамның ішінен бағдарламаға қатысуға 300 адам ниет білдірген. Ниет білдірушілерге  «Арай -2» алқабынан  101 пәтер және «Бәйтерек девелопмент» АҚ тұрғызған 34 пәтер екінші деңгейлі банктер арқылы берілуде. Жақын арада жаңа 15-шағын аудандағы 800 пәтердің 559-ы «7-20-25» бағдарламасы арқылы ұсынылмақшы.

Кеңсе аптаның алты күні таңғы сағат 9.00-дан кешкі сағат 18.00-ге дейін халыққа қызмет көрсетеді.

Атап айтсақ, бағдарлама 7 проценттік мөлшерлемеден, 20 проценттен аспайтын бастапқы жарнадан және 25 жылға дейінгі несие мерзімінен құралған. Бұнда негізгі қағида - мөлшерлеменің көбейтілмеуі, яғни қарызды беруде, қызмет көрсетуде ешқандай комиссия алынбайды. Бұл бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады.

Сұхбат

PhotoRoom