САЯСИ ПОРТРЕТ: ЕРЛАН ҚАРИН

Тұлға
15.04.2014, 15:19

Саясатқа қатысы бар ортаға өте танымал тұлға. Саясаткер, шенеуніктермен де, саясаттанушы, сарапшылармен де аралас-құралас. Екі топты да бөтенсімеуінің екі себебі бар.

Біріншіден, жеке іскерлік қасиеті.

Екіншіден, ғұмырындағы еңбек тәжірибесі көрсеткендей екі салада да өзін еркін сезінген.

Ерлан Тынымбайұлы Оңтүстік Қазақстанда туған. Батыс өңірінде – Ақтөбеде өсіп, сонда білім алды. Алматыда білімін жетілдіріп, Астанада үлкен қызметтер атқарды. Қазақстанның төртбұрышын жақсы біледі. Оған қоса, «Орхоннан Каспийге дейін» экспедиция негізінде жасалған фотоальбомы жарық көрген. Тарих және география пәнінің мұғалімі болып істеген оның өмір жолы әлдебір тарихшы-географқа (кәнігі саясаткер) ұқсаңқырайды. Екеуінің де халыққа, әсіресе қазақтілді ортаға сүйкімі бар. Тарихи жәдігерлерге құныға қызығатыны ұқсас...

Е. Қарин екі алып көршіміз Ресей мен Қытайды зерттейтін институтқа директор орынбасары болып 22 жасында келді де екі жылдан кейін Орталық Азиялық саяси зерттеулер институтын басқарды. Яғни, ол бізді қоршаған бес мемлекетті өзінің бес саусағындай білуі тиіс.

Ал саяси қызметі үлкен саясатта аз ғана уақыт бой көрсеткен «Асар» республикалық партиясы төрайымының орынбасары болған сәттен басталды. Дариға Назарбаева сияқты ықпалды адаммен 2 жыл тізге қосып қызмет етті, тәжірибе жинады. Кейіннен «Нұр Отанның» хатшысы болғанын білесіздер.

Әдетте саяси ұстанымы берік тұлға екі бірдей саяси партияда жұмыс істемейді. Алайда «Асар» 2006 жылы «Отан» партиясына қосылып, консервативті партияның саяси әлпетіне өзгеріс енгізуге белгілі бір деңгейде ықпал етті. «Нұр Отан» қазір центристік партия дегенге келеді... Ал Қазақстандағы ең алғаш өзін центристік партия деп «Асар» жариялаған болатын. Партиялар қосылып жатқанда Ерлан Тынымбайұлы Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. Кейіннен еліміздегі ең маңызды шешімдер қабылданатын Президент Әкімшілігінде ішкі саясат бөлімін басқарды. Еліміздегі қазақтілді санаулы саяси технологтардың қатарына жатады.

Өзге сарапшылардан саяси, мемлекеттік қызметтерде болғанымен ғана ерекшеленбейді. Оның көпшіл болуына мынадай факторлар ықпал етті:

1) Кез келген ортаға бара бермейді. Ақпарат құралдарына сирек шығады, әлеуметтік желілерде қоғамдық мәселелерді талқылауға құмбыл емес.

2) Өзін белгілі бір тақырыптармен шектеген сарапшы. Терроризм (Ауғанстандағы жағдайды көзімен көріп, тың деректер арқылы зерттеулер жүргізді), қауіпсіздік, саяси жүйе, алашшыл идея.

3) Оның ортасы саясаткерлер, дипломаттар, мемлекеттік қызметкерлер, сарапшылармен ғана шектелмейді. «Қазақ баспасөзі тәуелсіздік жылдары ұлттық партияның қызметін атқарды» деген бір ауыз сөзімен журналистерге, әсіресе қазақ тілшілеріне жақын бола білді.

4) Спорт саласында да бір қауым ел оны жақсы біледі, таниды, құрметтейді. Мысалы ол джиу-джитсу мен ММА-ның құрметті президенті және төрағасы. Бүкілжапондық джиу-джитсу халықаралық федерациясының мүшесі.

Ерлан Қариннің осыдан бір ай бұрын Мемлекеттік хатшы қызметіне келеді деп болжағанған. Аталған «жауырын қарау» дұрыс шықпағанымен оның алдағы уақытта жауапты қызметтердің біріне баратыны анық. Биографиясы да, географиясы да саяси перспективасына оң ықпалын тигізеді деп айтуға негіз бар. Комсомолдан шыққан үш мықты саясаткерге жақын жүрді. Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр, Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысында әкім болғанда кеңесшілік қызмет атқарса, Нұрлан Нығматуллинмен «Нұр Отан» партиясында бірге жүрді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатын үнемі қолдап, халыққа түсіндіру жұмыстарымен айналысып келеді. Бір сөзбен айтқанда оның саяси карьерасының перспективасы жоғары.

Тегтер:
Ерлан Қарин

Сұхбат

PhotoRoom