Қызылорда облысындағы күкірт зауытында 300 адам

Аймақ
11.02.2015, 09:55

Қызылордада тәулігіне 1500 тонна өнім өндіретін зауытта бүгінде 300 адам жұмыс істейді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Кейден дейтін ауыл бар. Аядай болғанымен, тұтас экономикаға тырбанып үлес қосып жатыр. Мұндағы индустриалды жоба - аймақтағы кен орындарына күкірт қышқылын дайындайтын СКЗ-U зауыты. Біздің мемлекеттің биылғы межесі - уран өндірісінің көлемін 20 мың тоннаға жеткізу. Бұған Сыр өңірінің қосар үлесі мол. Өйткені, Шиелі және Жаңақорған аудандарында «Қазатомөнеркәсіптің» №6 кен басқармасы, «Байкен-U» және «Қызылқұм» серіктестіктері уран өндірумен айналысады.

Қарамұрын жотасынан өндірілетін уранға қажетті қышқылды осы Кейден ауылындағы зауыт тауып береді. Бір сөзбен айтар болсақ, уран өндірісінде аса қажетті күкірт қышқылын сырттан тасымаймыз, өзіміз өндіреміз. Келешекте зауыт күкірт қышқылынан өзге ауыл шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштарды өндіру арқылы өз мүмкіндігін кеңейтпек.

«СКЗ-U» күкірт қышқыл зауытының былтырғы жылы бекітілген жылдық жоспары 453 мың тонна екен. Олар межелі өнімді мезгілінен бұрын орындап шыққан. Сондай-ақ, қосымша 72 МгВТ электр энергиясын өндірсе, оның 37 МгВТ-ы Жаңақорған ауданының игілігіне жұмсалды.

«СКЗ-U» Күкірт қышқылы зауыты Қызылорда облысының инновациялық-серпінді жобасы. Өндіріс орны 2007 жылы құрылды. Кәсіпорын 2011 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде мұнда 300 адам жұмыс істейді. Оның 150-і жергілікті ауданның азаматтары. Ал, жобаның жалпы құны - 32,5 миллиард теңге.

Зауыт - күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Шетелдің озық технологиялары қолданылып, экологиялық залалсыз жұмыс істейтін зауыт мемлекеттің ҮИИДБ аясында салынды. Зауыт негізінен жерасты байлығын өзге қоспалардан сілті қышқылы арқылы айырып алатын өнеркәсіп орындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Осы бағытта шикізат яғни, күкірт Атыраудан әкелінеді.

Сұхбат

PhotoRoom