БҚО-да 43,7 млрд. теңгеге екі жоба жүзеге асырылады

Аймақ
13.02.2015, 11:44

Батыс Қазақстан облысында биыл индустрияландыру картасы аясында 43,7 млрд. теңгеге екі жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр.

БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыповтың айтуынша, бұл жобалар іске қосылғанда, 100-дей жұмыс орны ашылмақ. Атап айтқанда, «Батыс Пауэр» ЖШС Орал қаласы маңында 200 МВт газтурбиналы электр стансасының бірінші кезегін (100 МВт, 14,2 млрд. теңге, 70 жұмыс орны) пайдалануға бермекші. Сондай-ақ «Конденсат» АҚ экологиялық санаты К5 моторлы отын өндірісін (29,5 млрд. теңге, 28 жұмыс орны) жолға қоймақ.

Сонымен қатар екінші бесжылдық аясында алдағы жылы "B.N WesternMunaiGasLtd" ЖШС жылына 200 мың тонна өнім өндіретін мұнай өңдеу зауытының қуатын өсірмекші (900 млн. теңге, 40 жұмыс орны). Оған қоса «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ 2019 жылға қарай шағын катерлер шығармақшы (300 млн. теңге, 55 жұмыс орны).

Айта кетейік, өңірде индустрияландыру картасы аясында 303,3 млрд. теңгеге 38 жоба (2,1 мың жұмыс орны) жоспарланса, 2010-2014 жылдары соның 34-і жүзеге асырылды (258,3 млрд. теңге, 1,9 мың жұмыс орны). Осының 26-сы өзінің 50 пайыздан астам жобалық қуатына шықты, қалғандары бойынша бұл жұмыс кезең-кезеңмен атқарылуда.

 

Сұхбат

PhotoRoom