Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында 75 орындық «Аида» балабақшасы пайдалануға берілді. Елбасының «Балапан» бағдарламасы негізінде бой көтерген бөбекжайдың ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
- Болашағымыз саналатын бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алу мәселесі облыста оң шешімін тауып келеді. Бүгінде облысымызда «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 3-6 жастың арасындағы балалардың 92 пайызы мектепке дейінгі тәрбие берумен қамтылған. Осы жылдың соңына дейін бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамтамасыз етіп, 100 пайызға жеткіземіз, - деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.
Жалпы, балабақша барлық талапқа сай жасақталған. Балабақшаға қабылдаудың тізімі қаралып, жүйелі тəртібі жасалды. Енді əр ата-ананың өз баласын мектепке дейінгі балалар мекемесіне орналастыруға мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Қазалы ауданында бүлдіршендірдің 89 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы 8 балабақша салынып, бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қызылорда облысы туу көрсеткіші өте жоғары алдыңғы үш аймақтың қатарында екенін ескерсек, осындай балабақшалардың көптеп салынуы маңызды болып табылады.