Қай ел чемпион болады, сіз қай құрамаға жанкүйерсіз?

Жаңалықтар
10.06.2014, 17:00

Енді екі күннен кейін басталатын футболдан кезекті әлем чемпионаты кезінде әлемдік проблемалардан бастап, ауылдағы көршілердің кикілжіңіне дейін сап тыйылады. Әлде бізге солай көріне ме білмейміз. Әйтеуір бүкіл әлемнің назары Бразилияға ауатыны анық. Қазірдің өзінде телеарналар мен әлеуметтік желілерде кім, қай құрама жанкүйер екені айтылып жатыр. Бізде ел ағаларына сауал жолдап көрген едік.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

 

- 1977-80 жылдарғы Қызылорда облысы Қазалы аудандық футболдан жасөспірім командасының мүшесі ретінде өз басым төрт фаворит бар деп ойлаймын. Алдымен, әрине, Бразилия. Бразилия футболының орны бір бөлек те, өз елінде мундиальды қабылдап жатқан құрамасының көңіл-күйі, чемпиондыққы ұмтылысы тағы бір бөлек. Оның үстіне егер де Сколари өз командасымен бірге дәл осы жолы өз стадионында әлемдік жүлдеге қол жеткізбесе, онда жергілікті жанкүйерлер оларды түтіп жеп қояды!

Екінші үміткер – Аргентина. Ол команданың әлем футбол иерархиясында алар орны әрқашан да ерекше . Үшінші үміткер – Германия. Өйткені «неміс машинасы» ол тек қана «Мерседес» емес қой. Тағы бір үміткер – футбол Ренассансын бастан кешіп жатқан Испания, ол команда қазір бабында тұр.

Қазақстан командасы қатыспай отырған жағдайда мен Бразилияға жанкүйер боламын. Өйткені осы чемпионатқа байланысты ол елде қиын жағдай орын алды. Сондықтан азамат ретінде, жанкүйер ретінде өз қолдауымды көрсеткім келеді.

 

Берік Уәли, ОҚО Аппарат басшысының орынбасары - баспасөз қызметінің басшысы:

 - Төрт жылда бір келетін теңбіл доп додасын тағатсыздана күтіп отырмыз. Кім топ жарады деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Өз елінде, өз жерінде, өз жанкүйерлерінің алдында ойнайтын Бразилия құрамасы барын салары анық. Анығы, Неймарлар намысты оңай бермейді. Аргентина да мықты. Мессидің ендігі арманы, әлем чемпионы болу ғана. Қалғанының бәрін бағындырды. Теңбіл допты түзу тебетін мықтының бірі Де Мария биыл бабында. Алтыннан басты үміткердің бірі - Аргентина. Испан футболшылары да аянып қалмайды. Диего Костадан көп үміт күтіп отыр олар. Италия мен Голландия да фовариттер қатарында.

Менің болжамым бойынша Бразилияда өтетін әлем чемпионатының жеңімпазы - Алмания құрамасы. «Футболды 22 ойыншы ойнайды, бірақ жеңімпаз әрқашан немістер болады»деген қанатты сөз тегін айтылмаған. Неміс машинасын биылғы біріншілікте тоқтату қиын болады. Месси мен Роналдо секілді көшбасшылары болмаса да, ұжымдық ойында немістерге тең келетін құрама аз.

Жалпы, отбасымызбен Испания, Аргентина, Голландия және Алмания құрамаларына жанкүйер боламыз.

 

Айдос Сарым, саясаттанушы:

 - Төрт жылда бір өтетін әлем чемпионатына енді екі күннен кейін біздің ғана емес, дүниежүзі халықтарының назары ауады. Қазірдің өзінде түрлі болжамдар жасалып жатыр. Чемпиондыққа үміткер бір емес, бірнеше құрама бар. Әсіресе Бразилия, Германия және Испания.

Бұл әлем біріншілігінде мен соңғы кездері футболда әлемдік гегемониясын орнатқан Испания құрамасына жақтасатын боламын.

 

Арман Сқабылұлы, журналист:

- Ондай сәуегейлігім жоқ еді. Дегенмен, кейде айтқандарым дөп түсіп жатқан сәттер болады. "Челси" чемпиондар кубогын ұтып алған матчта жұрттың бәрі "Баварияға" қойды. Өзім ағылшын клубына бәс тіктім. Ұттым. Оған Жанарбек Әшімжан куә! Енді әлем чемпионатына келсек, бүйрегім Португалия құрамасына бұрады. Роналду, Нанилардың ойыны ұнайды. Ал, олардың чемпион болуы өте қиын мәселе. Меніңше, чемпион-Еуропадан келген команда болады. Германия мен Испанияның біреуі. Германияның мүмкіндігі жоғарылау.

 

 

 

Ғалым Боқаш, «Азаттық» радиосының Online продюсері:

 - Биылғы әлем чемпионатының фавориттері жарыс иелері Бразилия, одан соң Аргентина, Испания мен Германия деп ойлаймын. Меніңше, бұл бәсеке алдында, былтыр өткен Конфедерациялар Кубогында Бразилияның осы жолғы құрамы өзінің шарықтау шегіне жеткенін көрсетті. Бұл төртеуінен басқа дәл қазір ФИФА-ның рейтингі бойынша ондыққа ілініп тұрған тағы алты құраманың финалға жететін шамасы бар сияқты. Олар: Португалия, Швейцария, Уругвай, Колумбия, Италия, Англия.

Өз басым Англия құрамасының жанкүйерімін. 1966 жылғы әлем чемпионы атанған жетістігі биыл қайталана ма деп әлсіз ғана үміттенемін. Жеребе бойынша Уругвай және Италиямен бір топқа түскені тым әділетсіз көрінеді. H және F тобына түскен командаларға назар аударсаңыз, бұл әділетсіздікті бірнеше есе қатты сезіне түсесіз. Бірақ Англия өз тобынан 1/8 финалға шыға алады деп ойлаймын, өйткені бұл жолы құрамында жас, қайратты, футбол техникасы жетік ойыншылар көп.

 

Нұржан Нұрмағамбетұлы Әлібаев, Қызылорда облыстық Футбол Федерацисының Президенті, Облыс Әкімінің орынбасары:

Футбол спорттық жарыстардың ең таза түрі ғой. Егер футболда ақша жүретін болса, экономикасы сын көтермейтін мемлекеттер емес, бай дәулетті азиялық елдер чемпион болар еді. Бразилияның экономикасы жер көлеміне, халқына шағып есептегенде мәз емес. Сондықтан да халықтың біраз бөлігі қарсылық білдірді. Бірақ, қағанағы қарқ боп отырмаса халықтың басым бөлігінің футболға деген махаббаты ерекше. Саясатты да жеңе білді. Бұл дүниежүзінің  іріктеліп-сұрыпталып 32 құрамасы ғана қатысатын әлем біріншілігі болғасын мықтылар өте көп болады. Дөп басып бір команданың чемпион болатындығын болжау да қиын. Дегенмен, Германия мен Аргентинаның бірі чемпион болатын сияқты. Интуицияма сенсем осы екі құраманың бірі топ жаруы тиіс. Ал өзім Испания құрамасына жанкүйермін.

 

 

 

 

 

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom