САЯСИ ПОРТРЕТ: АРХИМЕД МҰХАМБЕТОВ

Тұлға
24.06.2014, 16:24

Сұйыққа тұтастай немесе жартылай батырылған кез келген дененің бетіне төменнен жоғарыға қарай тік бағытта әсер ететін гидростатикалық қысым күші бар. Оны физикада Архимед күші дейді. Бірақ біз бүгін физикадағы емес, саясаттағы Архимед күшін бағамдап көретін боламыз. Мұхамбетов әкім боп келген алғашқы жылдары оған берілген бағада объективтіліктен гөрі романтика басым болды. «Әкімдердің ішінде ең жасы болып аймаққа барған Архимед», «бизнестен билікке келген Архимед» дей келе, жастығын алға тартып энергиялы басшы болатын шығар деп гуілдестік. Ендеше мемлекеттік-саяси қызметте табаны күректей 6 жүрген Архимед Мұхамбетовтің де саяси портретін жазатын уақыт та жеткен сияқты.

     Ол 2008 жылға дейін бизнесте жүрді. Сол жылдың қазан айында Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне кірісті. Айта кетейік, Ақтөбеде қалалық әкімшіліктен облысқа жолдама алу «дәстүрі» бар. А. Мұхамбетов өзін мемлекеттік қызметке әкелген Елеусін Сағындықовтың ізімен жүріп келеді. «Алдымен қала, содан кейін облыс» ұраны. Алайда облыс дегеніміз қала емес, қысқартып айтқанда әйгілі Архимедтің кезіндегі Полис (ежелгі грекиядағы қала-мемлекеттер) емес. Орталық билікке тікелей жауап беретін Президенттің аумақтағы көзі мен құлағы.

     Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына күні кеше ат басын тіреді. Оған дейін соңғы рет Елеусін Сағындықовтың кезінде ғана барыпты. Облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарды көзімен көрген Елбасы жас әкімнің жетістіктері мен шала істерін тізіп берді.

ОБЛЫС ЖЕТІСТІГІ

Соңғы үш жылда ішкі өңірлік өнім бір жарым есе өсіп, 1,8 триллион теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өндірісі 1,4 есе ұлғайып, индустрияландыру бағдарламасы барысында жалпы сомасы 577 миллиард теңге болатын 78 нысан іске қосылды. Облыс бюджетіне түсімдер бір жарым есе көбейіпті. Соңғы кездері 31 мектеп салынып, 144 балабақша ашылған. Мектепке дейінгі ұйымдармен облыс 85 пайыз қамтамасыз етілген. Мемлекет денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетуде, соның арқасында соңғы 10 жылда ақтөбеліктердің өмір сүру жасы 6 жылға ұлғайды.

Елбасы осы сапарында инфрақұрылымдардың белсенді дамуына да назар аударды.

- Облыс газбен қамтамасыз етілген, оның аумағы арқылы Батыс Қытай - Батыс Еуропа автомагистралінің бір бөлігі өтеді. Жезқазған - Бейнеу теміржолы салынып, жаңа стансалар мен қызмет көрсету кәсіпорындары пайда болады. Республиканың барлық өңіріндегі секілді облыста тұрғын үй құрылысы дамып жатыр. Осының бәрі халықтың игілігі үшін жасалуда, - деді Мемлекет басшысы.

ОБЛЫС КЕМШІЛІГІ

Өндіруші саламен салыстырғанда өнеркәсіптің өңдеуші салаларындағы қарқынның жеткіліксіз. Индустриялық бағдарлама аясында салынған бірқатар нысандар тоқтап тұр. Жартысы толық қуатында жұмыс істемейді.

Сапар барысында Президент инвестициялық және әлеуметтік жобалардың көп бөлігі Ақтөбе қаласына тиесілі болғандықтан өңірдің дамуы біркелкі еместігіне назар аударды. Бұл ретте бірқатар аудандарда тұрғын үй қорын жаңғырту жұмысы жүргізілмеген, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер әлі де бар.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешені ішкі нарықтың қажеттілігін жеткілікті қамтамасыз етіп отырған жоқ.

- Соңғы үш жылда облыс 800 миллион доллардың азық-түлігін импорттапты. Тек осы жылдың өзінде 94 миллион доллардың ет және сүт өнімдері әкелінген. Ақтөбе төңірегінде азық-түлік белдеуін қалыптастыра отырып, өңірдің өз қуатын арттыру керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ақтөбе облысы экономикасының негізін тау-кен өндіру саласы құрайды. Еліміз үшін Ақтөбе облысы үлкен маңызға ие, сондықтан облыс әкіміне және атқарушы органдарға қатаң талаптар қойылады. 90-жылдардың басында тау-кен өндірісі 72 пайызды, ал өңдеуші өнеркәсіп саласы 68 пайызды құраған еді. Біз жұмыс жасап, жаңа нысандарды пайдалануға беріп жатырмыз, бірақ бәрі керісінше болып отыр: тау-кен өндірісі - 78 пайыз, ал өңдеуші өнеркәсіп саласы 22 пайызға дейін құлады», - деді Н. Назарбаев Архимед Мұхамбетовке қарата айтқан сөзінде. Мәселен, индустрияландыру картасы бойынша пайдалануға берілген 11 нысан толық күшіне енген жоқ.

Облыстағы субсидияланған шағын және орта бизнестің 80 пайызы ауылды жерлерге емес, облыс орталығына тиесілі екендігіне мән берді. Аймақта ауыл шаруашылығы кенже қалған. Нәтижесінде 3 жыл ішінде облысқа 800 млн.долларлық азық-түлік өнімі импортталған.

     Ақтөбе облысы үшін шекаралық облыс ретінде еуразиялық экономикалық интеграция қосымша мүмкіндіктер жолын ашып отыр. Алайда, оны іліп әкететін басшы солғындау сияқты. Архимед Мұхамбетов экономикада ғана емес, рухани, идеологиялық жағынан да әлсіздік танытып келеді. Жергілікті зиялы қауымнан алшақ жүретіні жиі айтылады. Сол ақсақалдармен тіл тбаыспағаннан кейін, жастарды ұйымдастыру жағы да кемшін. Еліміздегі алғашқы діни экстремистік лаңкестер осы Ақтөбе облысынан шықты. Облыстың оңтүстік аудандарында инфрақұрылым, жол қатынастары сын көтермейді. Аудандарда жұмыссыздық мәселесі шешімін таппағандықтан жастардың деструктивті күштердің жетегіне кету қаупі жоғары. Осыдан біраз уақыт бұрын А. Мұхамбетовтің 30 жасқа толмаған інісі жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына басшылыққа барып, қызметкерлердің айғай-шуынан кейін алынып тасталғандығы көп айтылады. Құқықтық мемлекетте кадр мәселесінде непотизмге жол берілмеу керек. Мықты кадрлары да жоқ емес. Мұхамбетовтің негізгі кадрларының бірі Нұрмұхамбет Әбдібеков жақында Қарағанды облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Білетіндер, Ақтөбенің жетістігіне Н. Әбдібековтің де үлесі зор екенін айтады.

     Бір сөзбен айтқанда, А. Мұхамбетов лидер әкімдер санатына жатпайды. Харизмасы да жоғары емес. Батыс аймақтағы ең негізгі өңір саналатын Ақтөбеге саясаттың «ауыр салмақтылары» болуы қажет сияқты. Ал егер орталық билік әрі қарай сенім білдірсе, уақыт та беретіні сөзсіз. Өйткені, Мұхамбетов әйгілі аттасы сияқты «Эврика!» дейтіндей жаңалық ашпаса да, облысты дамытамын деп Елбасы Н. Назарбаевқа тағы бір мәрте сөз берді. Әзірге бұл әкімнің рейтингі мәз емес (http://saigez.kz/?p=839). Аутсайдерлер тобынан көтеріліп көрген емес.

 

Сұхбат

PhotoRoom