Ғылыми ортада «өркениеттер дүмпуінің ошақтары» деген теория бар. Мәселен, көл бетіне тас лақтырсаңыз, оның түскен жерінен айналасына қарай толқын пайда болады. Тас неғұрлым ауыр болған сайын толқынның арнасы да кең ашылып, алысқа тарайды. Өркениеттер дамуы процестерінің көрінісі де осыған ұқсас деп шамалайтын ғалымдар тобы бар. Тарихы кемінде 5-6 мыңжылдықтан тартылатын түркі тайпаларынан бастап, бүгінге дейінгі бабаларымыз талай дамудың дүмпулерінің ошағын жаққан. Бүгінгі Астана тағы да сол тарихи үрдісті қайталап, аймақтың дамуындағы қозғаушы күш рөлін атқаруға бет алды.
Осы уақытқа дейін қазақстандықтар «шетелдік тәжірибе» деген тіркесті көп қолданып келді. Енді Орталық Азия және посткеңестік аймақта «қазақстандық тәжірибе» атты ұғым қалыптасып келеді.
Әрине, жаңа технологиялар, заманауи жетістіктер мәселесіне келгенде EXPO-2017 дүниежүзілік көрмесі осы уақытқа дейін бұл салада жасалған еңбектердің жемісі іспетті. Қазақстан соңғы жылдары орнықты өсу үшін ноу-хау секторын дамытудың маңыздылығын түсіне отырып, ұлттық экономиканың сенімді және ұзақ мерзімдік дамуына жағдай жасауда, мүмкіндіктер қалыптастыруда. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Таяудағы онжылдықта әлемнің барлық мемлекеттері инновациялар бойынша үш топқа бөлінетіні қазірдің өзінде анық. Біздің бәріміз инновациялық шығармашылық әлеуеті жоғары алғашқы топқа кіргіміз келеді» дегенді айтқан болатын. Өткен жылы мемлекет инновациялық гранттарға 3,5 млрд теңге бөлді.
Бүгінгі күні елімізде инновациялық қолдаудың қажетті инфрақұрылымдары құрылып үлгерді. Солардың қатарында Ұлттық инновациялық қор, Ғылым қоры, венчурлық қорлар, өңірлік технопарктер, коммерцияландыру офистері, салалық конструкторлық бюролар, Технологиялар трансфертінің халықаралық орталығы секілді даму институттарын айтуға болады. Инновациялық технологиялар паркінің бірінші кезегінің құрылысы да басталып кетті.
Технологиялар трансфертін ынталандыру үшін инновациялық инфрақұрылымдардың қызмет аясы кеңейтілуде.
Астана, Петропавл және Өскемен қалаларында көлік және мұнай-газ мәшинелерін жасау, сондай-ақ тау-кен металлургия құралдарын жасау салаларының салалық конструкторлық бюролары құрылды. Жүк вагон-хопперлері, шахталық желдеткіштердің өндірістері қалыптастырылды. Еліміздің шығысында перфораторлар өндірісі іске қосылды. Тоғыз мәшине жасау кәсіпорны мен технологиялық үдерісте оларды қолдану жөнінде келісімшарттар жасалынды. Инновациялық белсенділікті ынталандыру жаңашылдықты насихаттап және өнертапқыштық қозғалысты қайта жандандыруға ықпал ететін болады.
Қазақстандық өзіндік технологиялық басымдықты қалыптастыру үшін елімізде бірінші рет технологиялық болжамдау жүргізілді. Осы мақсат үшін әлемде үлкен беделге ие болып отырған Оңтүстік Кореядағы KISTER ғылыми-зерттеу институтының мамандары іске тартылды. Болжамдау нәтижесі бойынша өнеркәсіптің нақты саласында стратегиялық көшбасшылыққа қол жеткізу үшін қажет болатын сыни технологиялар айқындалды. Осы технологиялардың әрбірі бойынша нақты технологиялық карталар әзірленіп, мемлекет оларға қолдау жасайтын болады.
Технологиялық болжамдаудың нәтижелері салааралық ғылыми-технологиялық жоспардың маңызды сипатқа ие болуы үшін пайдаланылады. Бекітілген жоспар агроөнеркәсіптік кешенде, тау-кен металлургия кешенінде, энергетика, мұнай және газ, мәшине жасау секторларына, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, химия және мұнай химиясы салаларында жаңа өндірістер мен технологияларды игерудің және осы үшін қажет болатын кадрлық, қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды игерудің нақты технологиялық міндеттерін айқындайды.
Бүгінгі таңда білім, ғылым, инновация қоғамның барлық салаларына кеңінен енген. Нәтижесі де жоқ емес. Еліміздегі индустриялық-инновациялық жобалар бойынша ашылған шаруашылық субъектілерде инновациялар кеңінен қолданылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығында – бидайдың жаңа сорттары, фосфор зауыттарында – тыңайтқыштардың, металлургия зауыттарында – шикізаттың жаңа түрлері, ал медицина саласында жаңа озық аппаратура, препараттар өндірілуде.
Сәкен Көкенов