Ғұмырын білім-ғылымға арнаған ғұламалар

Жаңалықтар
06.07.2014, 16:38

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына Саясаттану кафедрасы сүбелі табыстармен жетіп отыр. Кафедра ұжымының екі бірдей мүшесі мемлекеттік марапаттың иегері атанды.

Бүкіл саналы ғұмырын жоғары білім беру ісі мен ғылымға арнаған философ-ғалым, доцент Абылай Имашұлы Лұқпанов «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығы» медалімен және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен қатар марапатталса, жоғары мектепте ұстаздық етуді өмірлік мақсат еткен университет доценті Нина Алексейқызы Саитова «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, жоғары марапатқа ие болған кафедраның көнекөз екі мүшесі де университет қабырғасында жарты ғасырға жуық кезең бойы дәріс оқып, білім беру мен ғылыми өмірге қызу атсалысып келеді. Нағыз ғұламалар ғана бүкіл ғұмырын білім-ғылымға арнай алады. Жақсы ұстаздан шәкірттері озары анық, біздің кафедраның қарт ұстаздары оқытып, білім берген шәкірттерінің алды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатарында, тіптен, атақты ғалым, беделді саясаткерлерге айналғандары қаншама десеңізші. Мінеки, жас ұрпаққа жоғары білім беріп, азамат етіп тәрбиелеу үшін төккен тердің өтеуі қайтып, қос қариямыз бейнеттің зейнетін көріп отыр. Қоғамға сіңірген еңбектері мемлекеттік деңгейде бағаланып, университет басшылығы тарапынан үлкен сый-құрметке ие болды. Мерейлеріңіз таси берсін ардақты ұстаздар, ұзақ өмір, отбасылық бақыт, күш-қуат пен шығармашылық табыстар тілейміз!

Мұсатаев Сейілбек – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom