Оңтүстік Қазақстанда 28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай, 100-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері марапатталды. Облыс әкімі Б.Атамқұлов пен облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков және облыстық мәслихат хатшысы Қ.Айтөреев және ҚР Журналистер Одағының атынан табысталған бірқатар сый-сияпаттар ретін тарқатсақ.
Атап айтқанда, Шымкенттегі «Grand Holidayhall» мейрамханасында өткен салтанатты жиында «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарған ардагер Асқанкүл Майлыбаева мен облыс әкімінің фото тілшісі Хусан Азизов «Облысқа сіңірген Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жалпы бұл күні облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты салада аянбай еңбек етіп жүрген 17 азаматқа табысталды.
Сонымен қатар, шара кезінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік жарияланым аталымы бойынша бірқатар БАҚ пен журналистердің мерейі үстем болды. Мәселен, «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын кеңінен насихаттаған үздік телеарна»номинациясын жергілікті «Айғақ» телеарнасы алса, Республикалық телеарналар арасында «Ең үздік аймақ тілшісі» номинациясын «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Әбдез Рахманұлы мен «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі Марина Низовкина иемденді. Ал Республикалық басылымдар арасында «Ең үздік аймақ тілшісі» аталымы «Время» газетінің тілшісі Зәуре Мырзаходжаева және «Жас Алаш» газетінің тілшісі Ғалымжан Елшібай лайықты деп танылды. Сонымен қатар, «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын кеңінен насихаттаған «Үздік басылым»номинациясы «Жанубий Қозоғистон» газеті мен «Жебе» ақпараттық агенттігіне берілсе, «Алтын қауырсын» аталымы Алиса Масалёваға («Южный Казахстан» газеті), «Алтын микрофон» номинациясы Ринат Хамидулинге («ТВК» телеарнасы) бұйырды.
Айрықша айта кететін жайт, биыл БАҚ өкілдерін марапаттау рәсіміне тұңғыш рет министрліктердің марапаттары қосылды.
Мысалы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бас режиссері Арыстан Отарбаев пен «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Бекқұлов ие болды.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Президенттің жүргізіп отырған жаңа индустрияландыру саясатын және министрліктің жұмысын халыққа шынайы жеткізудегі қарымды істері үшін «Отырар» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Ардақ Жақсылықова мен Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің қызметкері Нұршат Төкен марапатталды.
Ал ҚР Журналистер Одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» медалі «Қаржы» газетінің редакторы Слам Нұрмағанбетов награтталды.
Сонымен қатар, мерекеде «Отансүйгіштік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады» атты ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік жарияланымдар конкурсының жеңіспаздары мен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Облыстың дамуы фотограф көзімен» фотоконкурсының үздіктерін және ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлегеннің арнайы марапаттарын табыстау рәсімдері де назардан тыс қалған жоқ.