БРАЗИЛИЯ КӨКТЕМІ

Сараптама
09.07.2014, 12:18

 

Жер көлемі жағынан әлемде бесінші орын алатын, Оңтүстік Америкадағы ең үлкен территориясы бар Бразилияның табиғаты ерекше. Климаты біз үшін түсініксіз. Алты ай жазы, алты ай қысы бар. Ендеше көктемі несі? Бұл елден күз бен көктем көрген әзірге жан баласы жоқ. Бүкіл әлем алдағы уақытта сол көктемді көретін сияқты... Себебі, қазір Бразилияда қыс мезгілі. Қараша мен сәуір аралығындағы ыстыққа шыдау мүмкін емес дейді. Сондықтан Бразилиядағы футболдан әлем чемпионаты ең салқын, қыс кезінде ұйымдастырылып отыр.

АҚШ-тың ұлттық идеясының бір тұғыры - «америкалық арман» болса, Бразилиядағы қара сирақ, аш құрсақтарды алға жетелейтін - мәңгілік арманы футболмен біте қайнасқан. Тақыр жерден мемлекет құрылғанына, федеративті басқару формасына қарамастан осы мемлекеттің халқын ұйытып отырған да футбол. Футбол – ұлттық идея. Бразилияның әлемге кофе шығарудан кейінгі жетістігі - футбошылар экспорты. Жоқ, жетістіктері өте көп.

Бразилияның жер көлемі, табиғи ресурстарынан табатын пайданы айтпағанда, әлемде ұшақ шығарушы жетекші ел екенін біреу білсе, біреу білмейді. Жолаушылар тасымалдайтын ұшақ шығарудан лидер десек те болады.

Әлемдегі ең ірі ауылшаруашылық-зерттеу орталығы (Embrapa) да осы елде орналасқан. Қазір әлемге мүлде жаңа сортты өнімдер шығарумен ерекшеленіп отыр.

Америкалық «Silicon Valley» жобасына балама «Startup Brasil» үшін 100 мың доллар бөліп отырған мемлекет. Осындай әлеуеті бар Бразилия қиналып, ішкі жүйеге қауіп төніп тұр. Ал біз Алматыда қысқы Олимпиада өткізгіміз келеді... Жә, оны қоя тұрып, әңгіме әлқиссасында айтқан көктемге қайтып оралайық...

Әрбір чемпионат сайын құрлықтарды ауыстырып отыруды басты принцип санайтын ФИФА-ның ішкі қағидаларына сәйкес, осыдан 11 жыл бұрын ХХ мундиаль Оңтүстік Америкада өтуі тиіс болды. Құрлық мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық, коммуникациялық жағдайы мәз емес. Сондықтан алып мемлекет Бразилиядан басқа үміткер ел табылмай, қалған көрші-қолаңы бірауыздан соған ұйыды десек те болады.

Алайда, әлем чемпионатын өткізуге халық наразылығын білдірді. Федералдық деңгейде ереуілдер ұйымдастырылып, бұл қарсылық уақыт өткен сайын үдей түсті. Неге? Себебі мынадай:

1. Бразилия үкіметі халық наразылығын басу үшін полицияға 550 миллион доллардың қаруы мен арнайы техникасын сатып алып берген.

2. Бразилияның федералдық деңгейдегі заң шығарушыларының 40 пайызы жемқорлыққа қатысы бар.

3. Заң бұзушылықтардың дені стадиондар құрылысына қатысты. Тәуелсіз аудиторлық зерттеулер нәтижесінде Бразилия стадиондарының құрылысынан 275 миллион доллар қаржы жымқырылғаны белгілі болды.

4. Спорт министрі, коммунистік партияның өкілі Альдо Ревело спорт нысандарына кеткен қаржы көлемін барынша жасырғанымен, тек ел астанасындағы стадион үшін 900 миллион доллар шашылған. Ал жалпы 12 стадионға кеткен шығыны астрономиялық цифр – 4 млрд.200 млн доллар. Бұл алғашқы құнынан 4 есе қымбат.

5. Президент Дилма Роусеф ұлттық телеарналардың бірінен ӘЧ-2014 кезінде үлкен төрт қаланы байланыстыратын жүйрік пойыздар жүретін арнайы теміржол магистралін саламыз деп уәде берген. Алайда, оның ешқайсысы салынбады.

Бұл айдай әлемге аймандай болған тұстары ғана. Жергілікті сарапшы Кристофер Гэфнидің айтуынша, елде бизнес өкілдері мен саяси элита арасы тым жақын боп кеткені соншалықты, осы әлем біріншілігі мен 2016 жылғы Олимпиада дайындығына бөлінетін қаржыны оңды-солды шашқан.

Әлем чемпионатына қанша шығын кететінін білетін экономистердің, спорт ардагерлерінің қарсылығын футболға деген жалпыұлттық махаббат қана басып тұр еді. Кеше түнде өткен Бразилия-Германия матчындағы жылап-сықтаған жергілікті жанкүйерлерге қарап-ақ көп нәрсені болжаймыз. Біріншіден, Мирослав Клозе Бразилияның ұлттық мақтанышы – Роналдо Назарио де Лиманың әлем чемпионаттарында ең көп гол соққан рекордын бұзып, атағын тартып алды. Екіншіден, ақтық сынға қол созым жерде яғни, жартылай финалда, өз алаңында 7-1 есебімен тас-талқан болды. Халықтың көңіл-күйі бұзылып, алданыштарынан айырылды.

 

Бұл елде сөзсіз толқулар болады. Тіпті екі жылдан кейінгі Олимпиадаға дайындық та кешеуілдеп қалуы кәдік. Еліміздегі бірқатар сарапшылар екітүрлі пікір айтып отыр. Саясаттанушы Айдос Сарым толқудың болуы әбден мүмкін десе, белгілі журналист Талғат Ешенұлы «ештеңе де болмайды, футбол тойы өткесін "охота на ведьм" басталады, билеуші партияның беделі нөлге түседі, спорттық нысандар қаңырап қалады, бай бай, кедей кедей күйінде қалады және т.с.с.» дейді.

 

Біз осыған дейін «Араб көктемін», «Түрік көктемін» көрдік. Бразилияда табиғи көктем болмағанымен саяси көктемнің салқыны бір қауып өтетін сияқты. Біздің «Бразилия көктемі» дегеніміз осы еді.

 

                                                                                       Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

 

Сұхбат

PhotoRoom