«Зообақ – бұл қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын қуанышқа бөлейтін, шаһарымыздың мақтан тұтарлық жерлерінің бірі болуы тиіс». Бұлай деп Шымкент зообағының бүгінгі таңдағы жағдайы жайлы көшпелі жиын өткізген қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов мәлімдеді. Қала басшысының тапсырмасынан кейін зообақты аббаттандыру, ағаш отырғызу, көркейту, сонымен қатар ішкі жолдарды ретке келтіру және т.б. іс-шараларға екпін еселеп берілетін болады. Осы ретте зообақта атқарылған кешенді жұмыстармен кеңінен танысу үшін «Шымкент мемлекеттік зоологиялық бағы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы – Нұрғазы Бұхарбаев мырзаны сұхбатқа тарттық.
Нұрғазы Бақтыбайұлы, соңғы уақытта Шымкент зообағы жайлы қызықты жаңалықтарды ақпарат құралдары жиі беретін болды. Бұл жарнама ықпалы ма, әлде, жұрт таңданар жануарлар әлемімен шынымен сіздердің бақтарыңызда танысуға бола ма?
Ол рас. Бұрын жұрт көрмеген жануарлармен толығып жатқан зообағымызға қызығушылық артты. Бір ғана мысал, жуықта ғана Халықаралық табиғатты қорғау ұйымының және Қазақстанның Қызыл Кітабына енген сұр келесжануары топқа қосылды. Елімізде біздің зообақта ғана өсірілетін сұр келестерді қазір қолдан көбейтіп, оларды табиғатқа жіберу үшін ғылыми жұмыстар атқарылуда.
Егер оны көбейтіп, келешекте шетелдерге сатсақ, зообақ өз-өзін ақтай алатын жағдайға жетеді деп ойлаймын. Себебі осы күндері шет мемлекеттердің ішінде сұр келесті сатып алуға қызығушылық танытып отырғандар өте көп. Алдағы 1 жылда оның саны өссе, сирек жануар ретінде олар үшін халықаралық қорлардан қаржы да ала аламыз. Сөйтіп, сұр келестер санын өсіріп, басқа да зообақтарға таратуға мүмкіндік туар еді. Қызыл кітапқа енген бұл сұр келестің әрқайсысын 10-20 мың доллар көлемінде сатуға болады. Әрине, әзірге мұның барлығы болжам ғана, уақыт еншісіне қалдыра тұрайық. Меніңше, зообағымыздың бағы жанатын күн де алыс емес ...
Одан бөлек бізде «Виварий» бөлімі ашылды. Бұрын зообақтағы жыртқыш аңдарға олардың өздері ұстап жейтін тірі азығы берілмей келген еді. Ал, қазір өзіміз соларға жем ретінде беруге қоян санын 200-басқа өсірдік. Теңіз торайлары да тез өсетіндіктен, жыртқыш аңдар үшін тірі жем.
Сонымен қатар, жылыжай ашылды. Еш «химикат» қоспастан питуния аштық. Жылыжайға 12000 түп бір жылдық петуния. Бір жылдық шафран, түймедақ, райхан, лиля т.б. гүлдердің 122 түбі ұрығынан өсірілді.
ашылды. Онда 13- түрлі құстың жұмыртқасынан 110 бас балапан шығару жоспарлануда. Балықтың да түр-түрін біздің зообақтан көре аласыз.
Жалпы қазір зообақ жинағында 234 түрлі 2259 бас жануар бар. Зообақта жыл сайын теңбіл бұғылар, арқарлар, понилар, еуропалық кербұғылар, қырғауылдар, үйректер, жолбарысты питондар, арыстандар және тағы да басқадай жануарлардың түрлері көбеюде.
Сіздің сауалыңызға жауап болсын, әрине, зообаққа қызығушылық тудыру үшін жарнамаға да жүгінеміз. Зообақты тамашалаушыларды немен тартуға болады? Бұл жерде жарнама қызметінің маңызы зор. Айталық, бізде қандай да бір жануар немесе құс әкелінсе немесе балаласа жарнама береміз.
Жергілікті «Отырар» телеарнасымен бірлесе, айына 16 рет «Зообақ» бағдарламасын эфирге шығарамыз. Сонымен қатар, басқа да БАҚ-тармен өзіміздегі жаңалықтармен бөлісіп отырамыз. Кей кездерде кіру билеттеріне жеңілдік жасаймыз дегендей... Жалпы зообаққа бір келген адам тағы да тұрақты келіп тұруы ықтимал. Себебі, бір жолы көріп кеткен жануар бір айдан кейін немесе 2 аптадан соң балалы болады десек, соны көру үшін қызығушылықпен тағы келуі мүмкін, бір қонағымыздың өзі...
Бұдан бөлек келушілер көңілінен шығу үшін былтырдан бері зообағымызды көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, өздеріңіз де байқаған боларсыздар, бір жылда өте әдемі болып өзгерді. Кіреберіс жөнделді, жаңадан балалар аттракционын аштық, үй жануарларын қостық және келушілер өз қолдарымен ұстап қызықтай алатын қоян, тасбақа сияқты жануарлармен, түрлі құстармен толықтырдық.
Мінекей, осындай жағымды жаңалықтарымыздың барлығы жарнама арқылы таратылып жатады. Айталық, былтыр Шымкент зообағының 35 жылдық мерейтойын атап өттік, жарнамалап, ел-жұртқа тағы бір таныстырдық. Негізі бұл зообақтың құрылған күні бұған дейін ешатап өтілмеген...Осындай іс-шаралардың барлығы да бір жағынан зообаққа жарнама болса, әрине, екінші жағы халыққа мәдени мақсатта қызмет ету. Жоғарыда зообақ билетіне жеңілдік мәселесін айттық. Мысалы былтыр бір алған билетпен бес рет кіру акциясын жарияладық, өйткені қыс уақытында келуші саны аз, сол себепті ондай да жеңілдіктер қарастырылды. Немесе бізде, туған күн иелеріне сыйлық ретінде құжаттарын көрсетсе тегін аралап, қызықтай алатын жағдай да жасалған. Көктемде наурыз мейрамына сәйкес, ұлттық киімде келген қонақтарды да зообаққа тегін кіргіздік. Ол бір жағы наурыз мерекесіне деген құрмет болса, бір жағы патриоттық сезімді ояту және өзгелердің де қызығушылығын тудыру. Сонымен қатар, қала күніне орай бір күн бойы кез келген адам жан-жануарлар әлемімен танысып қайтуына мүмкіндігі бар. Қысқасы, әр іс-шараның осындай ерекшеліктерін айтуға болады және соның арқасында осыдан бір жыл бұрын зообақты тамашалаушылар саны 160 мың болса, 1 жылда (2015 ж) 280-290 мыңға жеткен.
Салыстырмалы түрде келтірсек, 80 жылдық тарихы бар, республикалық мәртебедегі Алматы зообағына былтыр 65-70 мың адам келіпті, яғни біздің көрсеткіш жоғары деңгейде екенін байқаймыз. Биыл келушілер санын одан да арттыру үшін жыл соңына дейін тағы да бірқатар жобаларды жүзеге асырсақ па деп отырмыз.
Зообаққа кіру билетінің құны қанша, қолжетімді баға ма?
Жалпы бір адамның зообақты аралап шығуына кететін шығын 978 тг құрайды, алайда біз бұл бағаны қойып жатқан жоқпыз, ересектерге500, балалар үшін 300 теңге деп белгіленген. Қалған шығынды біз мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан қалалық әкімшілік бюджеті есебінен, субсидия арқылы жауып отырамыз.
Нұрғазы Бақтыбайұлы, сізді көпшілік саясатқа араласатын халық қалаулысы ретінде де, шығармашылықпен айналысатын «творчество» адамы деп те танып-біліп жатады. Өзіңіз жайлы да жан-жақты біле отырсақ...
Менің туып өскен жерім, Сарыағаш ауданының Абай елді мекені. Кәдімгі ауыл. Бірақ жұрт мені орыс тілді, тәрбиесі қазақы емес деп ойлап жатады екен. Шын мәнінде орыс мектебінде оқысам да табиғатым қазақы. Әлі есімде 4-сыныпта жүріп ақша таптым. Есік алдындағы жүзімді базарға апарып сатқан едім. Негізінен ауылда диқаншылық болғандықтан, бау-бақша өсіруді де үйрендік, мақта да тердік, тандыр да пісірдік, қара жұмысты да істедік. Әсіресе, жазғы каникулда таңғы 5-6-дан тұрып, лайға түсіп жүріп күніне 15 сом табатынмын, ол үш айда 450 сомдай болып жиналатын. Сөйтіп, 1 қыркүйекке таман Қоқанға барасың, ол заманда импорт заттар Өзбекстанда арзан, үйге үндінің шәйін әкелем, жапонның сағаттарын сатып аламын. Ол кездің модасы болған «аdidas»,«вoys» деген спорт киімдерін сатып әкелемін, қысқасы, не керек мектебіме үйіп-төгіп тастаймын. Мұның бәрін неге айтып отырмын, еңбекпен өстік, қара жұмыстың да адал пайдасын таптық, осы күнгі жастарға үлгі болсын жүріп өткен жолдарымыздегенім ғой... Институтта істеп, ақ саусақ болып отыра қалмадық, саудаға да кірдік, кәсіпкерлікпен де бір кісідей-ақ айналыстық. Негізінен білімді экономист және заңгерлік мамандығы бойынша алып шықтым. Қызметте де түрлі саланы көрдік. Мәдениет саласында бас маман, энерготасымалдаушы КЕГОК-та экономист, Ауыл шаруашылығы басқармасында да бас маман, «Аlmа.tv»-да 5 жыл басшы болдым, Ордабасы шина зауытында 3 жыл басшы, қазіргі лауазымым да басшылық қызмет. Осы қызметтерде жүріп бір түйгенім, мәселе қай мекемеге қандай маман болып баруыңда емес, қандай басшы болып баруыңда екен. Түсінбегеніңді түсінесің, білмегеніңді үйренесің, адам күні адаммен, ең бастысы жұмысыңа жаның ашып, оны ұйымдастыра білуде. Маңыздысы қол астыңдағы мамандарға дұрыс бағытта тапсырма бере білу.
Отбасылық өміріңіз туралы айтып өтсеңіз? Күнделікті қарбалас жұмыспен қатар өсіріп отырған ұл-қыздарыңыздың тәрбиесіне уақыт бөле аласыз ба?
Қазақ халқы ешқашан әйелі мен баласының санын айтпаған. Құдайға шүкіршілік, үш ұрпақ өсіріп отырмын. Олардың күнделікті үйдегі тәрбиесімен ақ сүт беріп өсірген анасы айналысады. Ал, мен демалыс күндері уақыт бөліп, сырласып, барынша олардың ішкі жан дүниесін біліп отырамын. Отбасы—үлкен құндылық. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіне әр қазақ айрықша мұқият болған жөн деп есептеймін. «Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады» деген халық даналығын ұрпақтарыма үнемі кеңес қылып айтып отырамын. Бір сөзбен, отбасыма уақыт бөліп отырамын. Себебі, олар менің өмірімнің жалғасы.Әрине, өсіріп отырған ұл қыздарымның барлығы спорт, би, музыкалық аспаптар, сурет салу сынды өнер түрімен айналысады. Елбасы әр сөзінде болашақ жастар барлық жағынан жетілген білімді, өнерлі, талантты болуы керек деп айтыпкеледі. Елбасының осы аталық қамқорлығының арқасында жасөскіндер үшін барлық жағдай жасалынған. Ұл-қыздарым апта сайын әркүні әртүрлі спорт түрімен айналысады. Тіпті, шет тілдерін меңгеру жағынан жоғары деңгейде көрсеткішке қолжеткізді. Біздің жас кезімізде мұндай тамаша шарт-жағдай болған жоқ. Алайда, біз өз еңбегіміз, талпынысымыз арқылы осы күнге жеттік. Бастысы ұрпақтарымның тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып жетілсе деген тілегім бар.
Халық қалаулысы ретінде қалалық мәслихатқа үш рет сайланғаныңыз белгілі. Осы жылдарда халықтың қандай мәселелерін шешуге атсалыстыңыз?
Оның барлығын тізбектеп отыру мүмкін емес шығар, біраз мәселе шешіліп, жұрттың көңілінен шықты. Өз басым, осы депутаттық міндетті атқару кезінде қандай мәселені көтерсем де, оның шешімсіз қалуына жол бермедім. Жалпы «шеше алмайтын дүние болса әу-баста көтермеу керек оны дабыра етіп, ал, көтергеннен кейін, дәлелдеп, соңына дейін жеткізу керек» – деген принципті ұстанамын. Мысал сұрап отырсыз ғой, айта кетейін, округыма бюджеттен ақша бөлдіріп, Қошқар Атаның суын аулаға ағатындай етіп бұрғызып бердім, оған жұрт дән риза болып, ол жердің микроклиматы кереметтей өзгерді.
Одан бөлек, мазараттарды сақтап қалу мәселесі үшін де біршама жұмыстар жасалды. Кезінде жерлер сатылып, талан-тараж болып жатқанда мазараттар жөнінде уақытша комиссия құрып, соған өзім төрағалық еттім. Барлық мазараттарды түгендеп, мемлекеттік актілік құжаттарын жасадық. Сондай-ақ, қаладағы даулы мәселенің бірі – балалар алаңқайларын салу, жөндеуден өткізу, қайта құру бір кездері ушығып кетіп еді ғой есіңізде болса. Міне, сол жұмыстарды да соңына дейін қадағалау жасап, мердігерлерді ұйымдастырып, Шымкенттегі 80-90 пайыз алаңқай мәселесін реттеп қоюға үлес қостық. Кезінде мынау «Бекжан» базары өртеніп, адамдар қандай шығынға батып еді... Сол уақытта «Көмек-2012» деген арнайы қоғамдық бірлестік ашып, халықтан, әр аудан- ауылды аралап, мемлекеттік қызметкерлерден, бизнесмендерден 200млн. теңгедей ақша жинап, зардап шеккендерге көмектестік. Талай кәсіпкер бизнесін ары қарай жалғастырды. Айта берсек көп қой, мәселелері шешілген жеке адамдарға қатысты әңгіменің өзі бір төбе.
Тұлға болып қалыптасқан адамның өмір жолында саясаткердің немесе танымал жандардың ұстанымдары, тәжірибелері, тіпті өмір сүру қағидасы бағыт-бағдар береді, әркімнің өз ұстазы, идеалы болады. Сіздің де пір тұтқан адамдарыңыз болды ғой... Алдағы мақсат-мұраттарыңызбен бөліссеңіз?
Өмір деген өзі реттеп қояды ғой бәрін. Мен мектепте жүргенде хирург-дәрігер боламын деп дайындалдым. Алайда оған жолым болмай, экономистің оқуына түстім. Ол кезде жас болдық, көп балалы отбасынан шыққаннан кейін бе, көп дүниеге қарапайым көзқараста едім. Кейін әрине, қызметке келгеннен кейін өмірде нық қадам басу үшін алдыңа үлкен мақсат-талаптар қоя бастайды екенсің... Халық алдында жүргендіктен, оларға қайтсем пайдамды тигізе аламын, неден жиреніп, нені үйренуім керек? деген сауалдарға жауап іздейсің. Мен үшін осы күні үлгі алар тұлға ол – әлем мойындаған көшбасшымыз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Президентіміз жүргізіп отырған саяси реформалардың барлығын қолдаймын және де сенімді өкілі ретінде сайлау науқаны барысында атқарған жұмыстардан түйгенім, қазақ халқына осындай тұлғалар керек.
Сіз әлі жассыз, дегенмен саяси тұлға ретінде өзіңіздің жеке уақыт рейтингіңіз бар, ендеше оны сіз қаншалықты тиімді пайдаланасыз, хоббиңіз жайлы да білсек?..
Спорт жанымызға жақын ғой. Мектептен бұрын шахматқа бардым. Баскетбол, волейбол, футбол, бокс сүйікті ойындарымыз еді бала кезде. Кейіннен енді аптасына 2-3 рет ойнайтын бильярд ойыны хоббиге айналды десем болады. Күнделікті таңғы жаттығу, денені шынықтыру ол да сіз айтып отырған 24 сағаттық уақыт рейтингімінің ішіне кіреді.
Президентіміз Н. Назарбаевтың өзі Шымкентті еліміздегі үшінші мегаполиске айналдыру мәселесін көтерді және қолдау көрсетуде. Осы шаһарға басшы болған әр әкімнің оның дамуына қосқан өзіндік үлесі, қолтаңбасы бары даусыз. Өзіңіз осы қала тұрғыны және жергілікті мәслихат депутаты ретінде Шымкентті басқарған қай әкімнің, қай ерен еңбегі есіңізде қалды?
Мен депутат болғалы 4-ші әкіммен жұмыс істеп жатырмын. Бірінші Арман Жетпісбаев, Қайрат Молдасейітов, Дархан Сатыбалды және қазіргі Ғабидулла Әбдірахымов. Әрқайсысы өздері әкім болған кездегі мемлекеттік тапсырмаларды мейлінше орындауға тырысты. Ол елдің саяси реформасына, экономикалық жағдайына басқа да факторлармен байланысты.
Бұл ретте былтыр ғана тағайындалған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың еңбегін айтпай кетуге болмас. Әрине, әр әкім қалаға өз қолтаңбасын қалдыруға ұмтылатыны анық. Ғабидолла Рахматоллаұлының «Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы» бірегей жобасы еліміздегі БАҚ-тарда кеңінен айтылуда. Сол жоспарлы жоба аясында Тұран мөлтекауданы аумағынан Шымкент Сити заманауи тұрғынүй қалашығы салынбақ. Міне, «Болашақ» бағдарламасы мен шетелден алған білімін еліміздің дамуына пайдаланып жатқан шаһар басшысына қалалықтардың алғыстан басқа айтары жоқ. Жуырда ғана қолға алынған Shymkent bike жобасының алғашқы станциясы іске қосылмақшы. Бұл да қала әкімінің қажырлы еңбегінің жемісі деп есептеймін.
Мысалы, біз алғаш депутат болып келген кездері қала бюджеті 30 млрд. теңге көлемінде еді, қазір 100 млрд-тан асты. Соған қарай талап та күшейді, көрсеткіш те жоғарылады. Айталық, соңғы жылдары осы қаражат есебінен мектептер, балабақшаларкөптеп салынды, ашылды, қаншама жолдар жасалды, спорт нысандарының саны артты. Десек те, бүгінгі күні әлі істелер шаруа жетеді. Өйткені қала өсіп келеді, елдімекендер қосылып жатыр. Оның барлық инфрақұрылымдық, әлеуметтік мәселелерін шешуге уақытпен қоса қыруар қаржы керек. Сондықтан әкімдерге бар жауапкершілікті артып қойып, тек қана сын айта беру орынсыз.
Зообақтағы тіршілік иелерініңтүрі күн өткен сайын өсіп, көбейіп келеді. Бұларға күтім қалай болады? Тәулік бойы жас төлдердің қауіпсіздігінқалай қадағалайсыздар?
Хайуанаттар бағы – бұл ғылыми, мәдени ағарту орталығы, табиғатта сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар аңдарды сақтап қалу орталығы. Ең негізгісі – бұл жер балалар мен ересектер демалатын орын болып табылады. Зообақ алғаш ашылған кезде иелігінде 75 түрлі аңның 350 данасы болыпты. Қазіргі кезде, зообақ коллекциясында 212 түрлі жан-жануардың 2200-ден астамы тіршілік етуде. Бүгінгі таңда зообақта аумақты игеру жұмыстары толығымен іске асып жатыр. Атап айтқанда, қазіргі заманға сай зоогеографиялық экспозицияларына «Африка», «Түнгі әлем», «Тау» атауымен арнайы орындардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы салынып жатқан аумақтарда жануарлардың әрбір түр ерекшелігіне, олардың табиғи жағдайда өмір сүру ортасына жақын жағдай жасалып жатыр. Яғни, зообағымыздың келушілері жануарларды темір тор арқылы емес, ашық түрде тамашалай алады. Сонымен қатар, зообағымызда арнайы видео бақылау қондырғылары әр күні 24 сағат бойы жұмыс істейді.
Бұл біріншіден, жас төлдердің өсіп-жетілуін қадағаласа, екіншіден олардың жағдайын тұрақты бақылауға алып отырады. Мәселен, жуырда ғана бір дана жұмыртқасын басқан қыран бүркіттің балапаны орналасқан ұяға осы бақылау қондырғысы орнатылып, жас балапанның азықтану, ұя ішіндегі әрекеттенуін қадағалаудамыз. Алдағы уақытта бұл техникалық қондырғылар басқа да хайуанаттардың ұясына орналастыру ойымызда бар.
Біз зообаққа келген қонақтарға эстетикалық ләззат сыйлау үшін, күллі зообақ аумағына арнайы дыбыс таратқыш қондырғылар орнаттық. Әрі түрлі құстардың әсем үндерін осы үнтаратқыш арқылы таңның атуынан кештің батуына дейін қойып тұрамыз. Қонақтар, тіпті, электронды құрылғыдан шыққан құстың даусына елітіп, айналасынан сол құсты іздей бастайды. Бұл да зообаққа қонақтарды көптеп тартудың бір тәсілі деп айтуға болады.
Зообақ соңғы уақытта қандай жаңа деңгейге көтерілді?
Бәрін салыстырмалы түрде айтайық, 2014 жылы зообақтағы жан-жануар, құс, жәндік саны барлығы 168 еді. Қазір 234, бұйырса жыл соңына дейін оны 255-ке жеткізу жоспарда бар. Бұл зообақта жан-жануардың ең көп болған кезі, ол осыдан 35 жыл бұрын ашылған сәті екен, барлығы 246 түрі болған, енді сол рекордтық көрсеткішті жаңартуға күш салып жатырмыз.
Егер 2012-2016 жылдардағы даму динамикасына көз жүгіртсек, 800 басқа көбейген, соңғы екі жылда 300 басқа артқан. Қазір оны 182-ге көбейту жоспарда тұр. Зообақ аумағы бізде 30 гектар болса, Алматы зообағы 21 гектарды құрайды, онда 273 адам жұмыс істейді, оның ішінде тазалықпен, көгалдандырумен айналысатындар 52 болса, ал бізде барлығы 138 және 36 адам тазалыққа, көгалданыруға жауапты. Яғни, Шымкент зообағында жұмыс қолы жеткіліксіз. Осы бағытта енді біршама өзгерістер болады деп отырмыз. Тағы да салыстырсақ, Алматы зообағының жылдық бюджеті 700 млн. теңге болса, біздікі 250 млн. шамасында. Мысалы, олардың аула сыпырушысы 80 000 теңге жалақы алса, біздің жұмысшыға 40 000 теңге, яғни жартысы төленеді. Міне, қазір осы айырмашылықтарды реттеуді ойластырып жатырмыз.
Айта кетейік, Шымкент зообағы 1979-1981 жылдары қазақтың біртуар ұлы Социалистік Еңбек ері, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Асанбай Асқарұлы Асқаровтың жеке бастамасымен, әрі тікелей басшылығымен ескі карьердің орнында халықтық құрылыс тәсілімен тұрғызылған.Бұл құрылыс жұмыстарына 54 мекеме мен кәсіпорын қатысқан. Қаланың елсіз жатқан шеті аз уақыт ішінде тамаша алқап- қалашыққа яғни жануарлар мекеніне айналды. Зообақ 1980 жылы 19 сәуір күні ашылды. Алғашқы кезде коллекцияда 75 аңның түрінің, 350 данасы болды. Зообақ ашылғаннан бастап жануарлар коллекциясы көбейе түсті.
Сұхбатыңызға рахмет. Жоспарлаған әр істеріңіз оңынан шешілсін.
ЖЕБЕ-АҚПАРАТ
Бекен Қоныс