ТӨҢКЕРІЛГЕН ТУ немесе мемлекеттік рәміздерді қорғайтын агенттік құрылса…

Сараптама
15.07.2014, 13:40

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне немқұрайлы қарау, оларды мансұқ ету ел азаматтарына әдеттегі жағдай секілді қалыптасып келеді. Соңғы 2 жылдың бедерінде ғана айрықша мәнге ие, тіпті керек болса оны сақтауда, қорғауда жан кететін Мемлекеттік Туға, Мемлекеттік Елтаңбаға және Мемлекеттік Әнұранға байланысты түрлі оқиғалар көбейіп кетті. Көзге шалынған, бүкіл ел құлақтанған оқиғаларды еске алсақ: Тараздағы көк тумен топырақ тасығыш студенттер, Талдықорғандағы дорба жасағыш орыс ағайын, Атыраудағы зембілші ақ жағалы прокурорлар, Павлодардағы ұстазсымақ Д. Ганелиннің сандырағы, тағы да сол Павлодардағы Мемлекеттік елтаңба бейнеленген күлсалғыш, Қостанайдағы «рики мартиншіл» шенеуніктер, қысқы Азиада кезіндегі көк тудың шүберектей боп жерде жатуы, Жамбыл облысы Сортөбе ауылындағы сорлылық, Мемлекеттік Әнұранға қатысты Кувейтте болған масқара жағдай – «Борат» фильмінің музыкасының ойналуы, Бас прокуратура сияқты аса құзырлы органның төбесінде жыртық тудың желбіреп тұруы, т.т.

Жақында ғана мынадай оқиға болды: араб әлемінің алпауыт елдерінің Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің бас қосқан 5-Ислам конференциясы жиынына Қазақстан да қатысқан. Алқа-қотан отырған дабыралы жиында Қазақ елі атынан екі шенеунік – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов пен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов мырзалар төрде отырған. Тарихи дәлдік пен нақтылықта түсірілетін фотосуретте бұл екі лауазымды кісі алдарындағы Мемлекеттік тудың төңкерілгенін қарамаған. Қараса да мән бермеген. Ал басқа елдердің мемлекеттік туы жақсы, әдемі болып өз орнында тұр. Қорланып, төңкеріліп тұрған біздің Мемлекеттік ту.

Мұндай оқиғалардың еліміздің жер-жерлерінде орын алуының бірнеше сипаты бар. Біріншіден, ел азаматтары республикамыздың ең басты символдарының мәні-мазмұнын әлі жете ұғына алмай жүр. Қоғамның саяси сауаты тым әлсіз. Сауатының нашарлығы сондай, мемлекеттік елтаңба бейнеленген тиын-тебенді жерде жатса көтеруге, алуға арланамыз. Өзімізді қайыршы күйге түсіргендей сезінеміз. Біреу бірдеңе деп қояды деп сөзден өлердей қорқамыз. Ал шындығында қалай? Шындығында соған да сауаты жетпегендер – рухани қайыршылыққа ұшыраған адамдар. Рухани қайыршы емей немене, Мемлекеттік рәміз – Елтаңбаны ет жүрегімізбен елжіреп сүйе алмайды екенбіз. Басқа шетелде, мәселен, АҚШ-та еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін АҚШ мемлекетінің туын жүрген жерінде алып жүреді, үйлерінің төбесіне қадап, жатын бөлмесінің қабырғасына іліп қояды. Былтырғы жылы Түркияның Ыстамбұл қаласына жолымыз түсті. Балалар күні секілді қатардағы мерекеде түрік ағайындар мемлекеттік туды үйлерінің сыртына самсатып іліп тастапты. Қала тұтас қызыл ала түске боялған. Міне, отаншылдық, міне, шынайы сезім! Айта берсеңіз көп. Оларда туды қорлау деген түсінік-ұғым жоқ. Ал егер осындай оқиға болсыншы, қателік жіберген тиісті орынның көкесін көзіне көрсетер еді. Ал бізде қалай? Үнсіздік. Ештеңе болмағандай, жайбарақат. «Біз мұндайларға үйренгенбіз», «елімізде мұндай жағдайлар боп тұрады» дегендей үнсіздік күллі әлемнің алдында мазақ болудан «мода» болған қайран қазақты үнемі сорлатып-ақ келеді. Бұған, әрине, ақпараттың кемшіндігі, насихаттың аздығы қатты әсер етеді. Әйтпесе, азаматтық тұрғыдан алғанда осы елдің кез келген тұрғыны, мейлі ол қара жұмысшы болсын, мейлі ол бизнесмен болсын – рәміздер туралы толық ақпараты болып, оны қорлауға жол бермеуге тиісті. Екіншіден, рәміздердің заңмен қорғалатынын, қандай да бір теріс әрекеті үшін қудаланатынын білуі шарт. Бірақ, осы «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңының тиісті ережелері де жеткілікті дәрежеде орындалмай отыр бүгінде. Себебі, жаңа біз келтірген оқиғаларға қатысты қандай да бір іс қозғалды, жауапты адамдар жазасын алды дегенді естімеппіз. Әйтпесе, әнұранымызды «Камасутраға» теңеген Д. Ганелин мен мақаланы жариялаған «Наша жизнь» газетінің редакторы сотқа тартылды, нәтижесі қандай дейсіз ғой. Сот сол жетесіздерді ақтап шықты. Парадокс деген осы. Үшіншіден, ең бастысы, отанға деген ыстық сезім өне бойда лапылдап тұрған жоқ. Қарапайым жұртшылықтан бастап жоғарыда отырған көкелерге дейін. Қазақ ұлты және диаспоралар патриоттығын дәлелдемек болып, іш киім мен төстартқыштың неше атасына көк тудың бейнесін салып киіп жүр. Намысқой саналатын спортшыларымыздың өзі Азиада кезінде «алтын көрсе періште жолдан таядының» кебін келтіріп, көк байрақты итке тастағандай лақтыра салды. Биік-биік мінбелерден сөйлеп, елдің үстінен қараған билікшіл жуандардың қылығы анау. Олар осылай жасаған соң, «қара орысты көргенде, сары орысты әкем дерсің» дегендей, Тараз бен Талдықорғандағы, Атырау мен Астанадағы бүлдіргіштерге өкпелейтін, ренжитін жөніміз жоқ екен. Мемлекеттік рәміздер тек спорттық сайыстар мен шетелдік жиындар үшін ғана керек сияқты. Басқа күндері көк шүберек, жай таңба және ортаңқол музыкадай көрінеді. «Бұл менің мемлекетім!», «Менің елімнің ең басты рәміздері» дейтін асқақтық кеудені кернемейді. Өз елімізді өзіміз басқа елдей, шетелде жүргендей, бір күні тастап кетердей сезінеміз. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін, мемлекеті тұтастығы үшін шынында да өте қауіпті жағдай. Ал ел мен жердің қадір-қасиетін ұғындырып, тарихы мен тағдырынан сыр шертетін аядай ғана ұлттық рәміздерімізді ұлықтай алмасақ, тәуелсіз елдігімізге, жасампаздықпен жаңаруымызға сын емес пе.

Мемлекеттік рәміздер – көркем бейнелердің жиынтығы ғана емес, немесе бір ғана ұлттың символикасындағы көріністердің көркемдік шешімі емес, ол – өмір сүріп отырған мемлекеттің тұтастығының кепілі, тәуелсіздігіміздің айқын нышаны. Яғни біздің дербестігіміздің өлшемі. Кез келген мемлекеттің рәміздері өздері үшін қандай қастерлі, қандай қадірлі болса, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері де мемлекет үшін сондай маңызға ие. Әсіресе, біздің Мемлекеттік туымыз мен елтаңбамыздағы символикалық бейнелер тек қазақтың дүниетанымына, ұғымына тән сияқты болып көрінгенімен, жалпы адамзаттық мәні зор. Айталық, көк тудағы Күн – әлем халқына ортақ құндылық екені даусыз. Ал түстің таңдалуының өзі адамзат тарихынан тыс қала алмайтын қазақ тағдырын, қазақ менталитетін аңғартады. Елтаңбада да солай: ондағы ұлт мәдениетіне қатысты қаншама ұғым-түсініктер бар, осының бүге-шігесіне дейін біліп жатқан кім бар?! Көзге бақырайып көрініп тұрған қанатты жылқыны (пырақты), шаңырақ, уықтар мен керегені, жұлдызды және «Қазақстан» деген жазуды көруіміз мүмкін де, астарлап берген басқа түсініктерді қайтеміз? Жеті атасын білу, қазақтың рулық жүйесі секілді ішінара берілген ұлттық дүниетанымыздың қайырым-иірімдерін жұртшылыққа қалай насихаттап түсіндіруге болады? Көк тудың матасының өлшемін, түрін, сапасын, орнатылу жағдайын көп ескере бермейтін жекелеген мекемелер әр түрлі ағаттықтарға жол беріп жүр. Елтаңбаны да әркім ойына келгенінше жасап, былыққа батуда. Мемлекеттік рәміздердің нұсқаулығы, қандай материалдан жасалып, қалай қолданылуы, бір сөзбен айтқанда, стандарттары болады, міне, осыны қадағалап отыратын бір орталықтың керегі керек.

P.S. Ақын Несіпбек Айтұлы «Ту» атты поэмасында ер Қазымбет өмірінің соңғы сәтінде жылқы үстінде туды құлатпай аман сақтап қалғанын жырмен бейнелейді. «Өзі өлсе де қазақ туын құлатпады» деген ой аңғарылады. Сондай-ақ ақын Алмас Ахметбекұлы да «Жан емес маған керегі – Көк тудың желбірегені», – деп жазған. Қазақ елінің бас идеясы – бір тудың астына бірігу, ту түбінде тұрысу. Ендеше, ынтымақтығымызға сызат түсіріп, тыныштығымызды бұзғысы келетін суық қолдарға қатаң жаза керек. Ол үшін Мемлекеттік рәміздерді қорғайтын, сақтайтын арнайы Агенттік ашылуы тиіс деп білеміз. Жылдың тек 4 маусымында ғана еске алып, арнайы шаралар өткізіп, «науқандық» шаруа ретінде қолдана берсек, онсыз да қадірі кетіп жатқан рәміздердің бағасын лайықты бере алмайтынымыз анық. Жұрттың жетесінде, серкелердің санасында әрдайым болуы үшін аталған агенттік Мемлекеттік рәміздерді қорғау, пайдалану жұмыстарын үйлестіріп отырса деген ұсынысымызды алға тартамыз.

Заңғар КӘРІМХАН

 

Сұхбат

PhotoRoom