Блогерлер Коалициясына көзқарасыңыз қандай?

Рейтинг
16.07.2014, 13:48

 

Жақында фейсбук әлеуметтік желісін пайдаланушылардың бірі Сырым Әбдірахманов тосыннан ой тастады. Қазақстан блогерлерінің коалициясын құрайық деді. Қолдаушылардан гөрі сынаушылар басым болды. Алғашында осы жайлы пікірімізді сұрағанда тосылып қалғанымыз рас. «Интернет ассоциациялар бар, коалицияның қажеті не?» дегендей. Біз бұл жайында арнайы блогтары бар, әлеуметтік желіде оқырмандары көп азаматтардың пікірін білген едік.

Данияр Алан, блогер, «Ұлттық интернет ассоциациясының» вице- президенті:

- Алдымен коалиция деген сөздің өзін қарастырайықшы... Коалиция - белгілі бір мақсатқа жету үшін мекемелер, мемлекеттер немесе жекелеген адамдар құратын одақ. Мақсатқа жеткен кезінде қажетсіздігіне байланысты одақ құлауы мүмкін. Ал коалицияның ресми «мақсаты» - блогшыларды біріктіру және олардың құқығын қорғау. Дәл қазір Қазақстанда қазақтілді блогшылар саны 300-дің жобасында, бірақ, бұл сан күннен күнге көбеюде. Бір ғана «керекинфо» блогтұғырында 3000-нан аса адам тіркелген. Яғни, коалицияға мақсаты белгілі бір мерзімге емес, шектеусіз мерзімге созылған ғой?!.. Абсурд емес па?

Екінші мәселе, бастаманы «Нұр Отан» партиясында жұмыс істейтін адам көтеріп отыр. Біз, «Саясат пен дінге араласпаймыз» деп отырған блогшылар бұл бастамаға қалай қарауымыз керек?

Үшінші мәселе, бастамашы да, қостаушы да топтың көбінің жеке блогтары жоқ. Яғни, жәй әлеуметтік желі белсенділері. Осы адамдар Блогшылар коалициясын құрып жатыр.

Төртінші мәселе, осы әңгімені 1-2 ай бұрын естігенмін. Блогшылар одағы құрылып, олар мемлекетпен тікелей жұмыс істейді-мыс. Кез-келген әкімге кіріп барып тексере алады-мыс. Егер дәл солай болса құзырлы органдардың не қажеті бар?

Бесінші мәселе, бастамашы топтың барлық ресми жарияланымдары орыс тілінде жазылып отыр, орыс тілінде талқыланып отыр. Бізге, қазақтілді ортаға екітілділіктің не қажеті бар? Бізде өз ортамыз бар, өз шараларымыз бар. Шамамен 1-жыл бұрын "Ұлттық интернет ассоциациясы" құрылды. Блогшылардың көпшілігі қолдап отыр, мен тіптен екі қолыммен. Енді, бізге коалицияға кіріп, ресми ма ресми емес па ұйымдардың қолшоқпары болу не үшін қажет? Біздің өз жолымыз бар. Коалицияға кірген күннің өзінде түсінісіп кетеміз деп ойламаймын. Соңғы пікірім осы.

Сатыбалды Кербабаев, блогер:

- Ешқандай көзқарасым жоқ. Мысалы біреу сұрап қалар деп, үнемі Мозамбиктің экономикасына көзқарасыңызды сақтап жүрмейсіз ғой? Бірақ мұндай коалиция шынымен құрылса, онда төте жазатындардың конфедерациясы, ұл таптырғандардың ұйымы, түсте жүгіретіндердің тресті сияқты ұйымдар күтуге толық хақым бар деп есептеймін. Себебі, бұл кәсіби машық белгісі бойынша ұйым емес, әуестік белгісі бойынша ұйым.

Артур Нығметов, блогер, политолог:

- Меніңше, блогерлерді бір ұйымға жинау - абсурдтық жағдай. Блогер деген мамандық жоқ. Блогингтің еш бір стандарттары мен нақты шеңберге алынған ережелері жоқ. Меніңше болмауы да керек. Бұл - еркін адамның ермегі. Сонымен қатар блогерлер – табиғатынан қызық, қыңыр әрі бір біріне қарама-қайшы адамдар. Сондықтан оларды қандай да бір коалицияға, ассоциацияға біріктіру мүмкін емес. Өйткені блогерлер индивидауализмге жақын. Олар үшін ұжымдық әрекеттер жат. Блогер ешқашан да конформист болмау керек. Сондықтан бұндай коалицияларды құру еш нәтиже алып келеді деп ойламаймын. Көп болса 10-15 адам бірігіп, бір ұйым құрар. Ал басым көпшілігі бас тартады. Қазірден бастап коалиция құру идеясына терең скепсиспен қарап отырған блогерлердің саны басым. Бірақ, бастаманың басында тұрған азаматтарға еш қарсылығым жоқ. Коалиция құру жолында мен оларға тек сәттілік тілеймін.

Жалғас Ертай, QazaqMedia интернет-агенттігінің жетекшісі:

- Адам болған соң, тобырланып, бірігуге құмар келеді. Ондай ортақ сезімдері үшін ешкімді айыптай да алмайсың. Коалицияның келіп-кетер зияны болмаса, өмірде болып, қағазда тіркелуіне ештеңе дей алмаймын. Демегенде, былай ғой: біздегі жаман әдет - әралуандықты жасап алып, соңынан - біріктіріп жіберетіні. Коалицияның нәтижесінде барлық блогерді тіркелуге міндеттемесе, былайғы оған қатысты көзқарасым - жоқ. Қазір әйтеуір бәрі бірдеңеге біріккіш қой. Жеке өзім - өзіммен ғана коалицияда болғым келеді, жәй...

Нұрлан Құлымбетов, Ұлттық Интернет Ассоциациясы вице-президенті:

  • Блогерлер коалициясына түбегейлі қарсымын. Блогерлер журналист емес. Әркімді блогер деп атай беру де дұрыс емес. Бұл идея осыдан екі жыл бұрын өзіміздің досымыз Данияр Аланға келген, бірақ оның мақсаты басқа еді. Блог-құрылтай ұйымдастырар кезде демеушілер табу қиын, екіншіден олардың ақшасын бір ұйымсыз алу қиын. Сол ақшаны шығару үшін ұйымдастырушылар «қоғамдық бірлестіктері» бар адамдарды іздеп кететін. Бірақ осының өзіне біз қарсы болдық. Блогердің бастығы бар деген күлкілі естіледі. Одан да «Ұлттық Интернет Ассоциацияға» қосылсын сайты барлары.

    Аршат Оразов, блогер:

- Негізі әр сала, қызығушылық, тақырып бойынша бірлік, ұйым болғаны жақсы әрине. Бірақ мүшелері де сол тақырыпта болулары керек. Жеке өзім блогер деп блогы барларды есептеймін. Әлеуметтік желі барша қолданушыларға ортақ құрал. Ал азаматтық журналистикамен айналысатын, өз ойларын бір интернет-алаңқайда бөлісетін адам - блогер. Сондықтан жақында ұсынылған Блогерлер Коалициясы идеясына күманмен қараймын. Қазақстанда онсыз да блогерлер бірлігі бар, жыл сайын түрлі шаралар (Блог-Құрылтай, Домбыра-Пати, Блогиада) ұйымдастырушылар да солар. Егер мұны заңды ұйым қылу керек болса, бұл үшін былтыр құрылған Ұлттық Интернет Ассоциация бар.

 

Сұхбат

PhotoRoom