«Қалқан-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың екінші күні

Рейтинг
14.08.2025, 18:55
«Қалқан-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың екінші күні

Шығыс Қазақстанда «Қалқан-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасуда. Елімізде алғаш рет арнайы полигонда радиация аймағында зардап шеккендерді санитарлық өңдеу пункті ашылды. Адамдар мен техниканы газсыздандыру шаралары көрсетілді. Радиациялық қорғау халық пен азаматтық қорғау бөлімшелерінің жеке құрамын радиоактивті қауіпті заттардың әсерінен қорғау немесе олардың әсерін барынша азайту, күштердің жұмысқа қабілеттілігін сақтау және азаматтық қорғау міндеттерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылады.

  Полигонда барлау жүргізу, азаматтарды іздестіру және құтқару, ластану ошағын оқшаулау және жою, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету, сондай-ақ радиациялық апат салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезінде барлық қызметтер мен ведомстволардың, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылдарының үйлесімділігі мен өзара әрекеттестігі пысықталды.

  «Қазақстанда 2018 жылдан бастап химиялық қауіпті объектілерді қауіпсіз реагенттерге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық қауіпті өндірістік объектілерде кәсіпорын қызметкерлерін, халықты және аумақтарды техногендік қауіптерден қорғау мәселелері пысықталатын жаттығулар, тактикалық-арнайы және командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізіледі», – деп ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма бастығы Қайрат Қасым атап өтті.

  «Қалқан-2025» оқу-жаттығуы аясында орталық және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдерінің екі апталық далалық жиыны өткізілді. Жеке қорғаныш құралдарының штаттық үлгілері сынақтан өтті. Радиациялық және химиялық апаттардың барлық ықтимал түрлеріне ден қою алгоритмдері пысықталды. Химиялық залалдану салдарын жою кезінде автоқұйғыш станцияларды қолдану бойынша сабақтар ұйымдастырылды, жергілікті жерді санитарлық өңдеудің жаңа әдістерімен және биологиялық барлау машиналарын қолдану ерекшеліктерімен танысу өткізілді.

  Практикалық бөлімде радиациялық-химиялық қауіпті объектілерде жаттығулар өткізіліп, қорғаныш құрылыстарын жауынгерлік дайындыққа келтіру жұмыстары жүргізілді.

Сұхбат

PhotoRoom