Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Нижат Рахимов пен Дмитрий Баландинді Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарындағы жеңістерімен құттықтады. Президент Олимпиада чемпиондарына жеделхат жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Нижат Рахимовқа жаңа жеңістер мен жетістіктер тіледі.
«Қазақстандықтар сенің өнеріңді зор қызығушылықпен және үлкен үмітпен тамашалады. Сен олардың үмітін толық ақтадың. Жоғары спорттық шеберлігің, жанкештілігің мен асқан ерік-жігерің саған қиын күресте мықты қарсыластарды жеңіп шығып, Қазақстанның олимпиадалық командасына алғашқы алтын медальді әперуге көмектесті. Сенің жеңісің елдің жас спортшылары үшін лайықты үлгі болары анық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Елбасы Дмитрий Баландинді құттықтай отырып, жүзушінің теңдессіз табысы Қазақстан спортының шежіресінде мәңгілік қалады, деп мәлімдеді.
«Сенің жарқын жеңісің қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлады. Даңқты қарсыластармен жанкешті және қиын сайыста жеңіп алған алтын медаль - сенің жоғары шеберлігіңнің, мақсатқа талпынуыңның, ерік күшің мен қайрат-жігеріңнің көрсеткіші. Сенің теңдессіз табысың Қазақстан спортының шежіресінде мәңгілік қалады», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті спортшының келешекте жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Еске сала кетсек, Олимпиада ойындарында ерлер арасында 200 метр қашықтыққа жүзуден финалдық сайыста жерлесіміз Дмитрий Баландин 2:07,46 көрсеткішімен мәреге жетіп, Қазақстан қоржынына Рио Олимпиадасының екінші алтын медалін салды.
Баландин жүзу бойынша алғашқы қазақстандық Олимпиада чемпионы атанды.
Ал, Рио-де-Жанейрода 77 келіде ерлер арасында өнер көрсеткен ауыр атлетіміз Нижат Рахимов қоссайыстың қорытындысы бойынша 379 (165+214) келі нәтижемен алтын жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар, ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл күміс жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша қазір Қазақстан Олимпиада медальдар саны бойынша жалпы есепте 11-орынға көтерілді, оның алғашқы орнына АҚШ орналасқан (10-11-9), екіншіде - Қытай (9-4-8), үшінші орынға Жапония (8-1-10) тұрақтады.