Жер реформасы бойынша комиссияның шешімдері жарияланды

Жаңалықтар
14.08.2016, 14:04

20160813132338Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен Жер реформасы бойынша комиссияның кезекті отырысында осы бағыттағы бұған дейін атқарылған жұмыстардың қорытындылары тұжырымдалды,- деп жазады ҚазАқпарат.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, Комиссия мүшелерінің Астанадағы 4 отырысы мен  Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстарында жергілікті тұрғындармен өткізілген кездесулердің нәтижесі мен ұсыныстары ескеріліп, сондай-ақ, жер реформасы бойынша бастамашыл азаматтармен талқылау жүргізуде сұрақтар мен ұсыныстардың қайталануы назарға алынып, төмендегідей шешімдер қабылданды.

Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларға, яғни, қазақстандықтарға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау ұсынылды. Бұл ретте заңнамалық нормалар арқылы:

- тұрақты мониторинг (жалға алудың алғашқы 5 жылында - жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістіктерде әр 3 жыл сайын, тәлімі жерлерде әр 5 жыл сайын) жүргізу арқылы  жер пайдаланушылардың жерді ұтымды пайдалануына және өзіне берілген міндеттемелерді орындауына бақылауды күшейту;

- Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін берудің жеке және егжей-тегжейлі регламенттейтін тәртібін белгілеу;

- ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурс комиссиясының құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдерін қосу;

- әкімдіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі нақты іс-қимылдары тәртібін белгілейтін конкурс өткізу қағидаларын әзірлеу;

-  жалға беру мерзімін бизнес-жоспарға сәйкес инвестициялар көлеміне қарай айқындау. Жалдау мерзімін ұзарту туралы шешімді қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің қатысуымен, жерді пайдалану мониторингінің және жалдау шартының талаптарын тиісінше орындалуының нәтижелері бойынша қабылдау қажеттілігін айқындау;

-  жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылай және күшейте отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің үлгілік шартын әзірлеп бекіту;

- ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың талаптарын күшейту.

Екіншіден, қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін белгілеу ұсынылды.

Үшіншіден, шекара маңы аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңірдің ерекшеліктеріне байланысты оларды беру жөніндегі талаптарын анықтап, бекіту ұсынылды.

Төртіншіден, халықтың  қосалқы шаруашылықтар мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдары айқындалып, ол жекелерді Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларына беруге тыйым салу ұсынылды. Яғни, жергілікті тұрғындарды жайылымдар және шабындықпен  қамтамасыз ету мақсатында, осындай алқаптар мемлекеттік мұқтаждықтарға алуға жатқызу керек.

Бесіншіден, жер реформасы шеңберінде кеңінен талқыланып отырған жерді жеке тұрғын үй құрылысы үшін берудің проблемалық мәселелерін ескере отырып, әкімдіктерге ЖТҚ-ға арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу мүмкіндігін беру үшін  ЖТҚ берілетін жерлер мемлекеттік мұқтаждықтарға жатқызу ұсынылды. Яғни, 10 сотық алуға кезекте тұрған азаматтар санының миллионнан асқаны өз алдына, облыс орталықтары мен ірі қалаларда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос жерлердің жоқтығы мәселенің өткір тұрғанын көрсетеді. Соңғы ширекте Call-орталықтары мен jerturaly.kz сайтына келіп түскен ұсыныстар мен өтініштердің басым бөлігінің де осы мәселенің айналасында өрбитіні осы бағытта жұмыстануды талап етеді.

Алтыншыдан, Комиссия мүшелерімен қабылданған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын жетілдіру бойынша ұсыныстары Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу ұсынылды.

Жетіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормаларын да жарияланған мораторийге қосу жұмыстарын атқару ұсынылды.

Сегізіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі Комиссия қабылдаған шешімдерді заң талаптарына сәйкес рәсімдеп, Қазақстан Республикасы Парламентіне енгізу жұмыстарын ұйымдастыру және жер заңнамасын жетілдіру жұмысын жалғастыру ұсынылды.

Тоғызыншыдан, Жер кодексінде мораторий жарияланған сұрақтар бойынша негізделген нақты шешімдер қабылдау үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы туралы дәйекті мәліметтерді толықтыру, оларға егжей-тегжейлі түгендеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентіне қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту ұсынылды.

Оныншыдан, беріліп отырған ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президенті қабылдаған жағдайда Комиссия жұмысын тоқтату ұсынылды. Яғни, Комиссия мүшелеріне жер заңнамасын бұдан әрі жетілдіруге байланысты жұмысқа қызығушылығы болатын болса, онда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұл жұмысқа қатыса алатындығы ескертілді.

Сұхбат

PhotoRoom