ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметінің қаулысымен инвестициялық омбудсмен болып тағайындалды .
«Инвестициялық омбудсменді тағайындау туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 желтоқсандағы №1071 қаулысына «Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек инвестициялық омбудсмен болып тағайындалсын» деген өзгеріс енгізілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін инвестициялық омбудсмен Әсет Исекешев болып келген.
Жеңіс Қасымбек 2014 жылдан ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі қызметін атқарды. Ж.М.Қасымбек 1975 жылы Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетін бітірді. Ж.Қасымбек әр жылдары «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК директоры, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 2014 жылы наурызда ҚР Инвестициялар және даму вице- министрі, 2016 жылдың маусымында ҚР Инвестициялар және даму министрі болып тағайындалған.