Елдің әлеуетін арттыратын да, қандай мемлекет екенін айтқызбай-ақ айғақтайтын да бір сала бар. Ол сөз жоқ – жол. Жол – бақуатты тірліктің қайнар көзі һәм өркениетті өмірдің өзегі.
Бүгінгі жеделдік пен іскерлікті, санмен қоса сапаны талап ететін заманда орталықпен барлық аймақты байланыстыратын және көршілес елдерге шығатын күре жолдарсыз елдің экономикасы мен әлеуетінің артуын елестету қиын. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік автожолы, тарихтағы Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы. Бұл транзит дәлізін салу идеясы алғаш 2008 жылы 6 ақпандағы Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Жолдауында бекітілген болатын. Елбасының бастамасымен 2016 жылдың 6 сәуірінде 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфроқұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын да жұрт жақсы біледі. Бағдарлама Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалаларын ұлттық және халықаралық деңгейдегі хаб-қалалар ретінде айқындай отырып, елдің макроөңірлерін қалыптастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын құруға бағытталған. Бұл кешенді бағдарламаның әзірше жолға қатысты тұсын ғана сөз еткенді жөн көрдік. Құстың қанаты талатын, тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жеріміздегі аймақтарды сапалы жолмен байланыстыру қажырлы еңбектен бұрын қыруар қаражатты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен атқарылған істерді бір қорытып, алдағы жоспарларға да назар аудара кеткенді құп көрдік.
Бүгінгі таңда аталмыш мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 16 жоба қолға алынған. Оның 11-і автомобиль жолдарына тиесілі болса, 2 жоба темір жолдың еншісінде. Су көлігі, әуе көлігі және логистика салаларының әр қайсысында бір-бір жобадан бар. Енді осы салалардың ішінен ауқымды тақырып, күре жолдардағы атқарылып жатқан істерді тарқатып көрейік.
2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфроқұрылымды дамыту Мемлекеттік бағдарламасы аясында ұзақтығы 7 мың шақырым болатын 11 автожол жобасын жүзеге асыру қарастырылған. Бүгінгі таңда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау, Алматы – Өскемен, Астана – Петропавл – РФ шекарасы, Орал – Каменка автожолдары жобаларын жандандыруға күш салып келеді. Бөлінген қаржыны шашау шығармай көзделген мақсатта игеру, істің ілгері жылжуына сеп болатыны белгілі. Айталық, 2015 жылы республика бойынша 292 млрд теңге игерілген екен. Бұл қаражатқа 456 шақырым жолдың жұмысы аяқталған. Ал 2016 жылға 332,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Жыл соңына дейін 800 шақырымға жуық жол жөнделеді деген жоспар бар.
Егер салынып жатқан автожолдардың қазіргі жай-күйін бағыттар бойынша тарқатар болсақ, бірқатар шаруаның реттеліп қалғанын көреміз. Мәселен, Астана мен Алматыны жалғайтын күре жолды талапқа сай етіп жасау жұмыстары 2013 жылы Астана – Теміртау (171 шақырым) учаскесі мен Алматы – Қапшағай (104 шақырым) учаскесінде басталып кеткен болатын. Бүгінгі таңда Астана – Теміртау учаскесінде 12 шақырым, Алматы – Қапшағай учаскесінде 72 шақырым жол пайдалануға берілді. Биылғы жылға жыл соңына дейін Астана – Теміртау (159 шақырым) және Алматы – Қапшағай (32 шақырым) жолдарында қозғалыс ашу жоспарлануда.
Ал Астана – Өскемен бағыты бойынша 2013 жылдан бері Астана – Павлодар (441 шақырым) және Павлодар – Семей – Қалбатау (473 шақырым) учаскелерінде жол құрылысының жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 218 шақырым жол пайдалануға берілді. Оның 47 шақырымы Астана – Павлодар, 171 шақырымы Павлодар – Семей – Қалбатау учаскелеріне тиесілі. Биыл бұл бағытта 516 шақырым жолдың (Астана – Павлодар – 394 шақырым, Павлодар – Семей – Қалбатау – 122 шақырым) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында Астана – Павлодар учаскесінің 200 шақырым болатын бір бағытын ашу және 12 шақырымды құрайтын Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Яғни, жолаушыларға жол азабын тарттырмау үшін барлық амал жасалып жатыр.
Бір атап өтер жайт, елімізде жол салу, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу барлық өңірлерде жүзеге асырылып жатыр. Республиканың төрт құбыласында да бұл іс қарқынды жүргізіліп жатыр. Әдетте, экономист мамандар қаржылық дағдарыстар кезінді көлік-логистикалық кешендерді дамыту, жаңа жолдар салу ел экономикасына серпін беретін іс екендігін айтады. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы ұлы депрессия кезінде АҚШ-та жол салуға айырықша көңіл бөлініп, сол арқылы да халықтың әлеуметтік жағдайын түзеу мүмкіндігі болғанын жиі айтады. Қазақстандағы жолдардың жедел салына бастауы бірінші кезекте ел дамуына ықпал ететін болса, екіншіден жаһандық сауда-саттықта өз үлесімізді алу үшін қажет. Республиканың транзиттік мүмкіндіктерін пайдалану да өте маңызды. Сондықтан елдің кез келген бағытындағы жолдарды дамыту маңызды болып отыр. Бүгінде бұл бағытта атқарылып жатқан істер аз емес. Мәселен, Астананы елдің батыстағы аймақтарымен автомобиль жолдары арқылы байланыстыру үшін Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау бағыттарындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ұзақтығы 470 шақырым болатын Бейнеу – Ақтау учаскесінде жүріп жатыр. 2014 жылы 200 шақырым пайдалануға берілген болатын. Биыл құрылыс жұмысы жүріп жатқан 270 шақырым жолдың 100 шақырымын жылдың соңында аяқтау көзделген және Бейнеу – Шетпе аралық жол толығымен қайта жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары Ақтөбе мен Атырау арасында ұзақтығы 26 шақырым болатын 2 учаскеде жүргізілуде. Ал Алматы – Өскемен бағытындағы жол құрылысына тоқталар болсақ, әзірге бұл бағыттағы құрылыс жұмыстар қашықтығы 141 шақырым болатын Қапшағай – Талдықорған учаскесінде жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 53 шақырымы пайдалануға берілді. 2016 жылы қалған 88 шақырымда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдын-ала жоспар бойынша жыл соңында оның 64 шақырымы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл Астана – Петропавл – РФ шекарасы бағытында да жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Дәлірек айтқанда, бұл бағыттағы жұмыстар СҚО территориясындағы Көкшетау – Петропавл учаскесінде жасалуда. Жалпы, ұзындығы 87 шақырымда құрылыс жұмыстары қазір қызу жүргізілуде. Жаңа жылға дейін Астанадан Петропавлға дейінгі жол толық ашылады. Аталған бағыттардан бөлек, 2016 жылы Орал – Каменка бағытындағы жолды қайта жаңғырту жұмыстарына биыл 5,6 млрд теңге қаржы қарастырылған. Қазір 100 шақырым жол жөнделіп жатыр. 2018 жылы бұл бағыттағы жол жөнделіп, толықтай пайдалануға беріледі.
Мінеки, еліміз бойынша орталықпен аймақтарды байланыстыратын күре жолдардағы жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы әзірге осындай. Осы күнге дейін қарқын алып, атқарылған жұмыстар жетерлік және алдағы жоспарлардың да түбегейлі орындалатын күні алыс емес. Бұл жұмыстардың барлығы ел экономикасының дамуына серпін беретін жобалар. Әрі мыңдаған адамға жұмыс тауып та беріп отыр. Бұл туралы aikyn.kz республикалық қоғамдық-саяси газет жазып отыр.