Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Онда министр 2016 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Министрдің айтуынша, келер жылдың соңында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі толықтай пайдалануға беріледі. Сонымен қатар ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңыздағы 1,7 мың шақырымды құрайтын 8 автожолға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Биылғы жылдың 8 айында жылдық жоспардағы жолды қайта жаңғырту жұмыстарының 70%-ы орындалды. Учаскелерде 415 шақырымға асфальтті және цемент бетонды жабындар төселді. 3 млн. тонна қиыршық тас, 250 мың тонна цемент, 125 мың тонна битум пайдаланылды. Бұлар отандық өнімдер. Бұл жұмыстарға 75 мың адам, 30 мердігер ұйым жұмылдырылды»,- деді Ж.Қасымбек.
Баспасөз мәслихатында министр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткізу мүмкіндігін 2,5 есеге арттыратын Алматы-Шу учаскесінде екінші темір жол құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Ал 2016 жылдың соңына дейін Боржақты-Ерсай темір жол желісі мен паромдық терминалды қосатын Құрық портының алғашқы кешені іске қосылады деп жоспарлануда.