Батыс Қазақстан облысында биылғы алты айда экономика саласында 157 қылмыстық іс қозғалса, соның 47-сі - ауыр қылмыс, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде жалған ақша жасауға байланысты 37 қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, жалған ақша жасаумен айналысқан Н.Азовский ұсталып, сотталды.
Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс та болмай қалған жоқ. Айталық, Чинарев мұнайгаз конденсаты кеніші - «Белес» терминалы құбырын заңсыз кесу арқылы 5,4 млн. теңгені құрайтын 51 текше метр көмірсутегі шикізатын (тұрақты мұнайгаз конденсаты) ұрлағаны үшін Ж.Қарлыбаев деген азаматтың 7 жылға бостандығы шектелді.
Экономикалық контрабанда дерегі бойынша 15 қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде Украина азаматы В.Лозенкомен алдын ала сөз байласып, мұнайды Кедендік одақ аумағынан заңсыз шығару арқылы қылмыстық жүйе құрған Д.Өксікбаевтың бас бостандығы Шыңғырлау аудандық сотының үкімімен 3 жылға шектелді.
Жалған кәсіпкерлік саласында 3 қылмыстық іс қозғалса, соның екеуіне қылмыс үстінде ұстау жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, жалған кәсіпкерлікпен айналысып, банк филиалдарының бірінде 8,5 млн. теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып жатқан сәтінде Б. деген азамат қолға түсті. Оның мемлекетке салық төлемеу түрінде 69 млн. теңге залал келтіргендігі анықталды.