Елімізде көлік инфрақұрылымы саласының көрсеткіші соңғы 5 жылда 19 есеге көтерілген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Baq.kz сайты.
«Жалпы, көлік инфрақұрылымы саласының көрсеткіші соңғы 5 жылда 19 есеге көтерілді. Екінші көрсеткіш – Дүниежүзілік банк пен алтын индикатор негізінде бағаланатын логистиканың тиімділік индексі. Қолданылған шаралар соңғы екі жылда Қазақстанның позициясын 11 сатыға көтеруге мүмкіндік берді. Жалпы физикалық тосқауылдарды жою үшін соңғы бес жылда 5000 автожол қайта жөнделді. Теміржол желілері 1700 шақырымға ұзарды», - дейді министр.
Оның айтуынша, елімізде модернизациялауды қажет ететін 8 әуежайдың төртеуі қайта жөндеуден өткен. Ақтау теңіз портының өткізу қабілеті 20 миллион тоннаға дейін артыпты. «Құрлықтық мемлекет болсақ та, жаңа xалықарлық дәліздерді салып, жүк тасымалдау үшін барынша қолайлы жағдай жасау арқылы транзиттік әлеуетімізді пайдалануымыз қажет. Бұл үшін шығыстан батысқа қарай 1000 шақырым жол қысқарды. Контейнерлік пойыздардың жылдамдығы тәулігіне 1100 шақырымға дейін артты», - деп түйіндеді Ж.Қасымбек.