Атқарушы билік ықшамдалды

Сараптама
06.08.2014, 18:05

Президент Үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізді. Әр сала бойынша, биылғы жеті айдың қорытындыларын тыңдап, тиісті ескертулері мен тапсырмаларын берді. Соңғы бір ай ішінде министрліктерде істейтін қызметкерлер зыр жүгіріп, бір өзгерістің болатынын хабар беріп қойған. Жиын соңында көптен күткен жаңалықты да өз аузынан естідік. Мемлекет басшысы былай деді:

- 2014, 1 17.01.14

 

«Қазір мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру талап етіліп отыр. Жинақы үкімет қажет. Бізге өзімізге қажеттіден артық шенеуніктікті орнатудың қажеті жоқ. Үкіметтің әр отырысы апта сайын 50-60 қаулы қабылдайды. Үкіметтің 17 министрлік, тоғыз агенттік, 54 комитет пен 272 департаменттің орнына, 12 министрліктен, 30 комитеттен тұратын жаңа құрылымы жөнінде шешім қабылдадым. Айырмасын түсініп отырсыздар ма? Тоғыз агенттіктің бәрі комитеттер түрінде министрліктердің құрамына енеді», - деді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

– Бес жаңа министрлік құрылады. Ұлттық экономика министрлігі, оған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Өңірлік даму министрлігі, Статистика агенттігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі енеді. Премьер-министрдің ұсынымы бойынша бұл ведомствоның министрі болып Ерболат Досаев тағайындалды.

1 досаев

1998 жылы нарықтық экономиканы толықтай құрған Венгрияда дәл осындай Ұлттық экономика министрлігі бар. Мажарлар шетелдік тікелей инвестицияға ашық елге айналды. Тиімді салық жүйесі құрылды. 90-жылдардың аяғынан бері экспортқа негізделген экономика тек өсумен келеді. Инфляция тұрақты түрде төмендеп отырады. Бұл қарап біз енді тура венгрлер сияқты болып кетеміз деген сөз емес. Бәлкім тиімділігі де болып қалар. Өңірлік даму министрлігінің құрылғаны кеше ғана еді, бейне бір бүкіл облысымыз аяқтан тұрғандай, өз миссиясын «аяқтап», жаңа министрлік құрамына кіріп кете барды. Аймақтар экономикасына қаншалықты ықпалды болатынын комитеттің алдағы жұмыстарынан аңғаратын боламыз. Халық Болатбек Қуандықовтың Бәсекелестікті қорғау агенттігінен сәл ертерек «ыршып» кеткенін енді түсінгендей. Кезінде әкім болып дүркіреп тұрған Қуандықов үшін комитет төрағасы болу әлбетте, тақиясына тарлау...

Хош, сонымен аты дардай ұлттық экономика министрлігімізді Ерболат Досаев басқарады. Ол енді бұрынғыдай экономиканы шикізаттан түскен қаржының көлеміне қарай жоспарлап қана отыратын орган емес. Аты да, заты да нән министрлік. Артылар жүк ауыр. Макроэкономикадан бастап, шағын кәсіпкерліктерге дейінгі жұмыстарды ұршықша иіру қажет. Айтпақшы, венгрлердің ұлттық экономика министрлігі машинажасау мен экспортқа мән береміз деп, ауыл-аймақты естен шығарып алған. Сондықтан, еуропалық туыс елдің жүріп өткен жолынан сабақ алсақ та артықтық етпейді.

 

«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрліктері бірікті. Ол Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму деп аталады. Бұл министрлікке басшы болып Тамара Дүйсенова тағайындалады. Қысқарған министрлердің еш айыбы жоқ. Үкімет оларды жұмысқа орналастыру жөнінде шешім қабылдайды. Олар жұмыстың сол тұстарын басқарушы орынбасарлар болып қызмет атқарады», - деді Мемлекет басшысы.

Тамара

Бұл көршілес Ресейдің тәжірибесінде бар. Осыдан 10 жыл бұрын дәл осындай атаумен РФ-да жаңа орган құрылды. Тиісінше, федерациялық мемлекеттің субъектілері (құрамындағы автономды елдер) мен облыстарында осындай министрлік жұмыс істей бастады. Көрші елге қарасақ, бұл оңтайландырудың қаншалықты тиімді екенін 10 жыл болса да көре алмадық. Денсаулық сақтау саласы ілініп-салынып тұр. Біздегіден бәлендей айырмашылық жоқ. Сондай-ақ, жаңа ведомство басшысы Тамара Дүйсенова медик емес. Ал ол өзі бес саусағындай білетін еңбек саласының бұл министрлікте аты аталмайды. Біздің елде еңбек дауы, жұмыссыздық сияқты проблемалар жиі болып тұрады. Бұрын басы бүтін министрлік кезінде аймақтарда еңбек даулары көп болатын. Ендігі жағдайды жаңа ведомство қаншалықты реттей алады? Ауыр еңбекте жарақат алған жұмысшы құқығын да қорғап, емін де алып шығатын әмбебап министрлік болса қанекей...

 

Назарбаевтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі құрылып, оған Мәдениет министрлігінің, Дін істері, Спорт және дене шынықтыру ісі агенттіктерінің құзыреті қарайтын болады. «Мұхамедиұлы қайта құрылған министрліктің министрі болады», - деді Президент.

АРЫСТАНБЕК М

Өнер академиясында ректор болғанда әйдік үйдегі ақ жағалылардың той-томалағын майдан қылшық суырғандай етіп ұйымдастырып беретін Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет министрілігіне келгенде халықтың реакциясы қызық болды. Бұрын Үкімет құрамында қызмет етсе де, оны көпшілік студенттердің басшысы ретінде қабылдап келді. Экс-Әлиевке енді тек мәдениет саласына ғана емес, алды Сирияға кетіп шахид болған, арты елімізде меңдуана жегендей уланып жүрген діни фанаттардың, жалпы елдегі дін жағдайына жауап береді. Қазақстандағы діни мәселе дегенде шенеуніктердің көз алдындағы картина – елдегі мұсылмандар мен христиандардың тыныш жүруі, бітті. Біздегі жағдай онымен өлшенбейді. Арамызда Ислам дінінің парша-паршасын шығарғандар көп. Батыс облыстарда, Орталық Қазақстанда жеке бір ауылдарды жайлап алған ағым өкілдерінің саны көбейіп келеді. Күндердің күнінде аймақтық немесе орталық билікке ультиматум қоймай тұрғанда оларды ауыздықтау керек.

2012 жылы Олимпиадада рейтингі едәуір көтерілген елдің спорттағы араны ашылған, дәмесі зор. Халық одан да үлкен жетістіктерді қалайды. Елбасының өзі олимпиялық ойындардың жеңімпаздарынан Мемлекеттік Туды қабылдау салтанатында солай деп айтқан да болатын. Ұлттың біртұтастығын қамтамасыз етіп – бірлігін нығайтып, идеологиялық тұрғыда жайлы атмосфера қалыптастыру Арыстанбек Мұхамедиұлына сеніп тапсырылды. Үдеден қаншалықты шығады оған болжам жасау қиын. Себебі, тәжірибе, біліктілік бұл ведомствоны басқару үшін әбден қажет...

 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрліктері, Байланыс және ақпарат агенттігінің, Ұлттық ғарыш агенттігінің өкілеттіктері мен энерготиімділік, геология мәселелері жаңа ведомство – Инвестициялар және даму министрлігінің құзыретіне берілетіні айтылды. Бұл ведомствоны Әсет Исекешев басқаратын болады, Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбек оның бірінші орынбасары, ал Асқар Жұмағалиев орынбасары болып тағайындалады», - деді бірінші басшы.

Isekeshev

Жаңа технологиялар туралы айтпағанда, индустрияның өзін қатырмағаннан кейін аты өзгеше жаңа министрлікке айналуы дұрыста шығар деп топшыладық. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған индустриялық мекемелердің аузына көп ұзамай қара құлыптар салынғанын халық жақсы біледі. Бағдарламаға бөлінген қанша қаржы ұрланып, қаншасы желге ұшқанын біз министрліктің аты өзгеріп кеткеннен кейінгі алдағы уақытта ғана білетін боламыз. Аты дардай министрлікке индустрия сөзі аздық еткендей жаңа технологияларды қосқан еді. Ұятқа қалған мысалдар да аз емес. Ақтауда планшет шығарып «істі» болғаннан кейін нанотехнология «ойлап табуды» біржолата доғарған сияқтымыз. Қысқасы Әсет Исекешев басқарып келген сол ведомствоның зияны да, пайдасы да болды деп айта алмас едік. Жаңа министрліктің атауы ақылға қонымды, қисынды. Себебі біздің елді, жалпы экономиканы шикізатымызды ұқсатуға келген шетелдік инвестициялар көтерді. Қазақстан өзге елге инвестиция салмаса да, өз еліне тарта алатын салмақты елге айналуы тиіс. Бизнес климат қалыптастыру туралы Президент үнемі айтып келеді. Ақпарат саласы қайда қосылмады. Қуаныш Сұлтановтың тұсында жеке министрлік болғанымен, кейіннен басқалармен қосарланды. Одан кейін байланысқа телінді. Бір заматта агенттік болып шыға келді. Енді комитет деңгейінде қалады.

 

 

«Энергетика министрлігі құрылады. Бұл министрлікке Мұнай және газ, Индустрия және жаңа технологиялар, Қоршаған орта және су ресурстары министрліктерінің функциялары мен өкілеттіктері беріледі. Ойланып, талқылап, бұл министрліктің басшылығына осы саланы жақсы түсінетін Владимир Школьникті лайық адам деп шештік», - деді Назарбаев.

Школьник

Ұзақбай Қарабалин Школьниктің бірінші орынбасары болады. «Нұрлан Қаппаров, өзінің ниеті болса, оның орынбасары бола алады. Бар, мен саған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының президенті болуды ұсынамын», - деді Президент оған. Қаппаров бұған бірден келісті, «Қазатомөнеркәсіп»? Қызық болар ед», - деді ол. В. Школьниктің ол мекемеге ықпалы әлсірей қоймасы анық. Күйеу бала факторы атом саласында да бар. Қапаров қауқар танытып, қымбат шикізатқа бақылауды күшейтетін шығар.

 

«Төтенше жағдайлар министрлігіне өзге елдердегі сияқты Ішкі істер министрлігінің функциясы мен өкілеттігі беріледі. Бұл жерде Қалмұханбет Қасымов министр болып тағайындалады. Божко оның орынбасары болып, бұрынғы жұмысын жалғастыра береді. Жақсы жұмыс істедің, Владимир Карпович, ескерту жоқ. Сен әлі егде емессің, бәрі алда», - деді Президент.

 

Сөз соңында Мемлекет басшысы:

«Қалған министрліктер кейбір түзетулермен бірге өз өкілеттіктерін сақтайды. Атап айтқанда, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, оның облыстардағы функциясы Қаржы министрлігіне беріледі. Премьер-министрдің екі орынбасары болады - Бақытжан Сағынтаев және адами даму мәселелері бойынша Гүлшара Әбдіхалықова. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің облыстардағы балық шаруашылығы, су ресурстарын, орман, жануарлар дүниесін басқару функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі», - деді.

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

Сұхбат

PhotoRoom