ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі аймақтық БАҚ-ты дамыту бағдарламасын әзірлеуді көздеп отыр. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Дәурен Абаев фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Қымбатты достар, бүгін біздің министрлік ұйымдастырған аймақтық БАҚ форумына қатыстым. Жиын барысындағы алғашқы панелдік сессия қазақстандық медиа-нарықтағы дағдарыс-менеджментке арналды.
Алайда, талқылау барысында жергілікті баспасөзді дамытудың қордаланған проблемалары да сөз болды. Оның ішінде, облыстық газеттердің тағдыры мен оларды жекешелендіру мүмкіндігіне қатысты министрліктің ұстанымына тоқталдым. Бұл мәселеге қатысты дүйсенбі күні облыстық әкімдіктермен және аталған басылымдардың редакторларымен селекторлық кеңес өткізіп, көп болып кеңесе отырып, тиімді шешімге келу жөнінде уағдаластық.
Форумға қатысушылар нақты аймақтық медианы дамыту мен қолдау мәселелермен айналысатын қоғамдық бірлестік құру жөнінде ұсыныс көтерді. Біз аталған мәселені қарастыратын боламыз, мен бұл жөнінде тапсырма бердім.
Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға министрліктің аймақтық БАҚ-ты дамыту бағдарламасын әзірлеуді көздеп отырғанын хабарладым. Бұл жаңалықты аудитория қуанышпен қабылдады.
Тұтастай алғанда, талқылау белсенді түрде өрбіді. Бұдан әрі болатын екі сессияға қатысушылар үшін пікірталастың табысты өтуіне тілектеспін», - деп жазған министр.