Астанадағы туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды, онда оқиғалық, іскерлік және медициналық туризмге ерекше көңіл бөлінген. Бағдарлама туралы толығырақ және Астананың ЭКСПО халықаралық көрмесіне дайындығы туралы елорда әкімдігінде өткен брифингте айтылды.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің индустрия департаментінің директоры Марат Иғалиев мәлімдегендей, елордада туристік кластерді дамытудың перспективалары зор.
«2013 жылы Астанада ЭКСПО көрмесін өткізуді ескере отырып 2017 жылға дейін туризм саласын дамытудың шеберлік жоспары әзірленген болатын. Сондай-ақ, біз Астанада 2020 жылға дейін туризмді дамыту тұжырымдамасын таныстырдық, келесі жылы қаланың бренді таңдалады», - деп атап көрсетті Марат Иғалиев.
18 жылда Астанада қонақ үйлер саны 40 есеге артқан, шетелдіктердің қалаға келуі 50 есеге көбейген, ал ішкі туризм 43 есе өскен.
«Егер Астананы 1000 тұрғынға шаққанда келетін туристер саны бойынша салыстыратын болсақ, біз Сеул, Стамбул сияқты қалалармен бір қатарда тұрмыз. Қалада бізге болашақта туризмді дамытуға көмектесетін маңызды алғышарттар бар. Біз іскерлік, оқиғалық және медициналық туризмді дамытуға басымдық бермекпіз. Қазір Астанада кең ауқымды оқиғаларды өткізу үшін сыйымдылығы әр түрлі құрылыстар жетерлік. Оқиғалық туризмді дамыту үшін қажет негізгі және басымдықты қадамдардың бірі MICE туризм бойынша ірі халықаралық қауымдастықтарға кіру болып табылады», - Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.
Туристердің тұрақты ағымын қалыптастыру үшін маусымдық шаралар өткізу жоспарланған, мысалы қыста - Қар және мұз фестивалі немесе көктемде - Квадрокоптерлер жарысы бойынша Ашық чемпионат және т.б. Сондай-ақ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру мен медициналық кластерді дамыту туристер ағынын арттыруға серпін береді. Астанада ең озық медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған заманауи медициналық орталықтардың желісі құрылып, дамып келеді, оның базасында шетелдік пациенттерді тартып, оларға қызмет көрсетуге болады. Бүгінгі күні елорданың бірнеше кардиологиялық клиникасында 17 мыңнан аса күрделі және бірегей операция жасалған.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта елордада ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-інің директоры Санияр Айтекенов Астанада туристерді тарту үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып берді, жаяу жүргіншілерді бағдарлау жүйелері, пилон нұсқағыштар құрылды, қызыл түсті туристік автобустар бағыты ашылды, ақпараттық дүңгіршектер іске қосылды. Қызмет көрсету саласының сапасын көтеру мақсатында Recommended by EXPO-2017 Астана қаласының әріптестік бағдарламасы жұмыс істейді, оған қонақ үйлер, хостелдер, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсетуші кәсіпорындар және көлік компаниялары қатысуда.
«Ағылшын тілін оқытуға баса назар аударылуда. Аталған бағдарламаға қатысқан жүзге жуық адамның 50% курстан өтті, сондай-ақ, ағылшын тілінен дайындықтан өтуге арналған ақпараттық орталықтар бар, олар біздің қызметкерлерді ақысыз негізде оқытуға дайын. Сондай-ақ, егер адам такси шақырып, оған түсініксіз тілде сөйлесе, турист call-орталыққа хабарласса, операторлар оған сөздерді аударып береді», - деді Санияр Айтекенов.
Брифингтің соңында елорданың туристік дестинация ретінде ғана емес, тұрғындар үшін жайлы қала ретінде де дамып келе жатқаны атап көрсетілді.
"Сайгез-ақпарат"